Әлеуметтік желісіз күн өткізу

Уақыты: 28.04.2024
Оқылды: 318
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жасыратыны жоқ, қазір біз уақытымыздың басым бөлігін әлеуметтік желіде өткіземіз. Онда әлемдегі жаңалықтардан әп-сәтте хабардар болып, дос-жарандар мен басқа адамдардың да өміріндегі жағдайларды көруге, байланыс жасауға мүмкіндік аламыз. Жұмыс бабында да көп қолданатынымыз рас.

Бірақ, әлеуметтік желісіз біраз уақыт өмір сүре алар ма едік және ол адам өміріне, жалпы көңіл-күйіне қалай әсер етуі мүмкін? Осы сауал төңірегінде жауап іздеп, оның артықшылығы мен кемшілігіне ой жүгіртіп көрейік. Анықталғандай, әлеуметтік желілерден бас тартудың басты кереметінің бірі адамның психикалық денсаулығы жақсарып, мидың демалуына оң септігін тигізетін көрінеді. 

Бүгінде әлеуметтік желілер түрлі ақпарат пен жаңалыққа және небір ой-пікірлерге толы. Ал бұл адам миына үлкен салмақ түсіріп, күйзеліске ұшыратуы мүмкін. Кейде таспаның жаңартылуын ұдайы қадағалаудың, лайк басылымын еселетудің алтын уақытты сарп ететінін білсек те  оған көп мән бере бермейтініміз шындық. Әлеуметтік желіні ұдайы пайдалану өзара қарым-қатынасты дамытуға кедергісін тигізіп, адам өміріндегі құпияны сақтауға мүмкіндік бермейді деп топшылайды көпшілік. 

Сондықтан одан біраз уақытқа бас тарту адамның жеке өміріндегі жағдайларды паш етпеуге және отбасылық құпияларды сақтауға жол ашады. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желіні мейлінше аз қолдануға тырысып, күнімізді кітап оқу, спортпен шұғылдану, жаңа дағдыларды үйрену, күнделік жазу немесе шынайы өмірде дос, туыс, отбасы мүшелерімен жақын қарым-қатынас орнату, уақытты тиімді өткізу сияқты пайдалы дүниелерге жұмсаған жөн. Әлеуметтік желісіз өткізген әр күн мидың айтарлықтай демалғанын аңғартады. Тіпті, ол ойлау мен мінез-құлыққа да оң әсерін тигізіп, өзгерістерге әкеледі. 

Әлеуметтік желілерден ұзақ уақытқа бас тартудың әлеуетті кемшіліктері де бар. Мәселен, ол дос, әріптес және туған-туыстармен байланыс жасау құралы ретінде қызмет етеді. 

Егер біз кем дегенде бір ай әлеуметтік желісіз өмір сүрсек көпшіліктен оқшауланып, қоғаммен байланысты үземіз. Мұндай жағдайға тап болу адамға қиын соғуы мүмкін. Әсіресе, оларды күнделікті өмірде қолдануға дағдылансақ. Сондықтан, біраз күнді әлеуметтік желісіз өткізуге шешім қабылдау өз-өзімізді бақылап, тәртіпке бағынуға ұмтылдырады. Ол үшін нақты мақсат керек. Бұл туралы отбасы мен туыстардың, достар мен әріптестердің де білгені абзал. Яғни, алтын уақытымыздың басым бөлігін әлеуметтік желілерге емес, басқа да пайдалы дүниелерге жұмсаған жөн.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: kom-dir.ru