Көктемнің әр күні қымбат

Уақыты: 16.03.2024
Оқылды: 507
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қыс аяқталып, көктем де келді. Бұл мезгіл дала төсі дүбірге бөленіп, еңбек көрігі қызатын шақ. Ырыздығын жерден терген ауылдықтар осы кездің әр күні қымбат екенін біледі.

Сол себепті диқандар топырақ ылғалы құрғамай тұрып, сүдігер, күздік, көпжылдық шөп тырмалау және жер жырту сияқты дала жұмыстарына білек сыбана кіріседі. Сала мамандары да шаруаны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып ұйымдастырып, сапалы өткізуге тырысады. Науқандық жұмыстарды мінсіз атқаруға күреңбелдіктер де атсалысуда.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мәди Саулхановтың берген мәліметіне жүгінсек, өңірде көктемгі дала жұмыстарына әзірлік қызу жүруде. Трактор, тұқым сепкіш, қопсытқыш, тырма, соқаның бәрі дала төсін дүбірге бөлеуге дайын. Ақауы барлары қажетінше жөндеуден өтіп, сақадай-сай тұр.

Биыл барлығы 117 653,4 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның ішінде күздік бидай және жаздық арпа, бидай мен сұлы, дәндік жүгері, қарақұмық сияқты дәнді дақылдар бар. Сонымен бірге 1313,4  гектарға картоп, 591 гектарға майлы дақылдар себіледі. Мақсары, күнбағыс, зығыр дақылдары да осының ішінде. Ал қант қызылшасының тұқымы 700 гектар, бақшалық дақылдар 387,5 гектарға егіледі деп жоспарланып отыр.

 Көктемгі дала жұмыстарын жүргізетін диқандар үшін жанар-жағармайдың ауадай қажет екені белгілі. Биыл 94 шаруа қожалығынан 868 тонна кепілді жанар-жағармайға өтінім түскен. Оның әр литрі 250 теңгеге белгіленіпті. Берекені тасытып, мол өнімге қол жеткізу үшін минералды тыңайтқыштардың алар орны ерекше. Сол себепті оның көлемі анықталып, нәтижесінде 8513,1 тонна минералды тыңайтқыш сатып алу қажеттігі белгілі болған. Оның 508,7 тоннасы жаздық бидай, 7 947,4 тоннасы жаздық арпа, қалғаны жүгеріге арналмақ.

Қазіргі кезде қой қоздап, қорада шу басталды. Аудан бойынша жалпы 226 мал қыстауы бар десек, оның бәрі су ішетін тоғандар және құдықтармен қамтамасыз етілген. Қыстау мен мал төлдеу науқаны аяқталғанға дейін төрт түлікке қажет жем-шөп қоры толық жеткілікті. Яғни, жер көгеріп, күн жылығанша мал азығынан тапшылық болмайды. Қазіргі таңда мал қыстау мен төлдеу науқаны бақылауға алынып, шаруашылықтармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетейік, өңірде мал басы саны нақтыланып, аудан бойынша    бүгінге дейін барлығы 7 233 мал төлдеген. Оның 1 106-сы ірі қара, 6 121-і ұсақ мал, қалғаны жылқыдан алынған. Бір сөзбен айқанда, ауданда көктемгі науқандық жұмыстың бәрі ойдағыдай іске асырылуда.

Айгүл Байбосынова
Кербұлақ ауданы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»