САПАЛЫ ТҰҚЫМ СЕБІЛЕДІ

Уақыты: 11.08.2016
Оқылды: 1453
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық ауылшаруашылық басқар­масының басшысы Сексенбай Бекішов  шаруашылықтарды 2017 жылы себілетін өнімділігі жоғары қант қызылшасы тұқымымен қамтамасыз ету төңірегінде «дөңгелек үстел» өткізді.

 

Шараға «Жетісу» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамының өкілдері, егіншілік және өсімдік шаруашылығы зерттеу инсти­тутының мамандары, аудан­дық ауылшаруашылығы бөлімі басшылары, агрономдар және бірқатар шаруа қожалықтары қатысты.

Отырысқа төрағалық ет­кен Сексенбай Бекішов Елба­сының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімі Аман­дық Баталовтың қолдауымен бірқатар іс-шараларды ұйым­дастырғандарын, соның нәти­жесінде ағымдағы жылы қант қызылшасының көлемі 6809 гектарға жеткенін айтты. 

Облыс әкімдігі тарапынан қант қызылшасын сепкен шар­уашылықтарға биыл да қол­дау көрсетілуде. Тұқым сатып алуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, 6100 гектар егістік алқапқа «Жетісу» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы ар­қылы Франция, Германия ел­де­рінен тасымалданған тұ­қымдар себілді. Осы ретте шаруашылықтарға берілген тұқым күзгі өнім есебінен қай­тарылмақ. Ал қалған 712 гек­тар алқапқа «Қамқорлық» ЖШС-ның тұқымы пайдала­нылды.

Облыстық ауылшаруа­шы­лығы басқармасы басшы­сы­ның айтуынша, бүгінгі таңда өңір үшін ең маңызды мақсат­тардың бірі тұқым шаруа­шылығын жолға қою болып отыр. Жыл сайын тек қана тұқым сатып алу үшін қомақты көлемде қаржы бөлінуде.

– Қазіргі таңда сатып алы­натын Франция, Германия мем­лекеттері тұқымдарының са­пасы өте жоғары екендігін мойындауымыз керек. Алайда, мұндай қымбат тұқымдарды жыл сайын сатып ала беруге шаруашылықтардың шамасы жете бермейді. Сол себепті, біз бұл бағытта шетелдерге тә­уел­ді болмай, өзіміздің отан­дық өнімді мықтап қолға алуы­мыз керек, – деді Сексенбай Бекішов.

Бұдан әрі мамандар тара­пы­нан отандық тұқым өндіруге бізде толық негіз бар екені айтылды. Мәселен, осы сала­мен көп жылдан бері айналы­сып келе жатқан Панфилов ауданындағы «Қамқорлық» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің базасынан сапалы әрі толерантты отандық өнім өнді­ру­ге болады. Осы орайда аталған серіктестіктің дирек­торы Әлен Жолдасов отандық тұқымның артықшылығы жай­лы айтып берді.  Оның пікі­рінше, бұл тұқым түрлі зиян­кеске төзімді әрі климатқа  мейлінше бейімделген. Төл тұқым төңірегінде жиынға қатысушылар да өз ойларын ортаға салды.  Осы орайда Қазақ егіншілік   және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтының бас дирек­торының орынбасары Шын­болат Рысқалиев пен «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ-ның азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын басқару департа­мен­тінің директоры Қуаныш То­ғайбаев сөз алып, тұқым ша­р- уа­шылығы туралы  пікірін біл­дірді.

Жиын соңында облыстық ауылшаруашылығы басқар­масының басшысы Сексенбай Бекішов мамандар тарапынан берілген ұсыныстардың облыс әкіміне жеткізілетінін айтты.

 

Қ. ӘБДІҒАПАР.