Бірлескен істің берекесі мол

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1343
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ел берекесін тасытатын күз айы да жақындады. Бұл мезгіл әсіресе ауыл еңбеккерлері үшін аса жауапты кезең. Осындай маңызды науқан алдында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Ақсу ауданында болып, қант қызылшасын өсірумен айналысатын «Квитко» шаруа қожалығының жұмыстарын көріп қайтты. Ақсу қант зауытының тыныс-тіршілігімен де жақын танысып, онда жүріп жатқан қызу тірліктің куәсі болды. 

Қызылағаш ауылдық округіндегі аталмыш қожалықтың қызылша алқабында болған Амандық Ғаббасұлына ауылшаруашылығы саласындағы тірліктер жайында аудан әкімі Әділбек Далбағаев әңгімелеп берді. Әділбек Егеубекұлының айтуынша, аймақта алты сервистік-дайындау орталығы бар болса, биыл қант қызылшасы бағытында үш сервистік дайындау орталығы құрылған. Жалпы бұл орталықтарға елуден аса заманауи техника сатып алынып, бүгінде игілігін шаруалар көруде. Өткен жылы 56800 тонна тәтті түбір жинаған ақсулықтар жерден алар өнімді биыл да молайтып, 71 200 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. 
Өнім берекелігін арттыруға «Квитко» шаруашылығының да қосып отырған үлестері зор. Озат шаруашылықтың бүгінгі тірліктері көңіл марқайтады. Оған алқаптағы қант қызылшасының жайқала өскені  дәлел. Іргелі қожалықтың алдыңғы жылы алған өнімдері орта есеппен гектарына 500 центнерден айналса, былтыр бұл көрсеткіш 600 центнерге жеткен. Мұндай толайым табыс мемлекеттің шаруаларға субсидия, гербицид, тыңайтқыш, тұқым, техника тарапынан қолдау көрсетуі мен қызылша өсіруші-      лердің қажырлы еңбегінің бірлескен жемісі деуге болады. Мұны облыс басшысы шаруашылықтағы оңды істерге жоғары баға беріп, ризашылық таныта отырып айтты. 
Аталған шаруашылық 1999 жылы құрылған. Содан бері шаруасы шалқыған қожалық былтыр да атшаптырым аумаққа тәтті түбір өсіріп, мол өнім жинапты. Өңдеуге 3,8 мың тонна қант қызылшасын тапсырып, берекені тасытқан. Биылғы жоспарлары да төмен емес. Ақсулықтар осы жылы 2 мың гектар жерге тәтті түбірдің тұқымын ексе, соның 80 гектары Квитконыкі. Олар биыл осы жерден 5 600 тонна өнім жинап, зауытқа өткіземіз деп отыр. Алқап басындағылар үлгі үшін қазып алынған қызылшаның бір түбін таразыға тартып, салмағын өлшеп көрді. Байқағанымыздай, шығымы жаман емес, төрт жарым келіге дейін тартты. Егер осы алқаптағы балтамырдың орташа салмағы осындай мөлшерде болса, күтіліп отырған көрсеткішке қол жеткізуге болатынына сенім мол. Шаруа қожалығының жетекшісі Александар Квитко:
– Осы жерде өсірілген қант қызылшасының әр гектарынан 700-800 центнерден өнім жинаймыз деген сенім бар. Бірақ, әр жер телімім әртүрлі. Өзге алқаптарымнан да жақсы өнім аламын деген ойдамын. Су қоймасы мен арықтардың іске қосылуын асыға күтіп жүрміз. Аудан әкімінің резервінен жер сұрап қойдым. Су келсе, бұл дақыл алқабын төрт, бес есеге дейін көбейтуге әзірмін, – деді.
Сондай-ақ, ол Үкімет қолдауымен алынған қант қызылшасының француздық тұқымынан өсетін өнімнің қанттылығы кемінде 22 пайыз болатынын айтты. Қожалық ауыл- шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге қажет техникалардан да кенде емес. Он бір миллион теңгеге тағы бір техниканы лизингке алыпты. Қазіргі кезде оннан аса адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Олардың орташа айлық жалақысы жүз мың теңгені құрайды. 
Өз кезегінде Амандық Ғаббасұлы Ақсу ауданының ирригациялық жүйелері толық жөнделіп біткеннен кейін шаруалар егіс алқабының көлемін көбейтуге мүмкіндік алатынын айтып өтті. Қазіргі кезде Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Аталмыш нысан іске қосылғанда тағы 7 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілмек. Аймақтың ирригациялық жүйелерін жөндеуге биыл 5,9 млрд. теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ақсулық шаруалардың қант қызылшасымен қатар басқа да дақылдар себетін алқаптарының аумағын кеңейту мүмкіндігі тумақ.
Облыс басшысы Ақсу қант зауытында болды. Бұл жердегі жұмыстар жайында «Ақсу қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Самат Мадирбаев әңгімеледі. Кәсіпорынға кіре бере зауытты қайта жаңғырту бағытындағы жұмыстың одан сайын қыза түскені байқалды. Олай деуге негіз бар. Себебі, мұндағы жұмысшылар білек сыбана іске кірісіп, өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруда. Құрылыс жұмыстарына екі жүзден аса адам тартылған. Кәсіпорынның іші-сырты ретке келіп қалыпты. Ескірген құрылғылар да шетінен жаңаланып, ауыстырылып жатыр. Қондырғылар Ресей, Украина, Қытай, Германия, Франция, Швеция, Голландия, Норвегия сияқты шет мемлекеттерден әкелініп, орнатылуда. 
Бір сөзбен айтқанда, қайта жаңғырту жұмыстары барлық талапқа сай жүзеге асырылуда. Қолға алынған істер сәтімен іске асырылса, балтамырды жуып, кесіп, кептіріп, қантқа айналғанға дейінгі үрдістің бәрі жаңа технологияның күшімен атқарылатын болады. Зертхана да жаңаланған. Осының бәрі зауыттағы жұмысқа одан әрі қарқын беріп, өнімді арттыруға оң септігін тигізбек. Осыған байланысты облыс басшысы мұндай қарқынды тірліктің алдағы уақытта зауыттың еш кедергісіз іске қосылып, іркіліссіз жұмыс атқаруына септігін тигізетінін айтты. 
Тағы бір жақсы жаңалықтың бірі – кәсіпорын қалдықсыз жүйеге көшірілуде. Яғни, биыл қант қызылшасынан шығатын қалдықты сығып, нығыздап, текшелеп орайтын құрылғылар орнатылмақ. Осы ретте зауыттағылар 22 мың тонна жом әзірлейміз деп отыр. Мұндай жом орамалары құнарын жоғалтпай екі жылға дейін сақталатын көрінеді. Осыған байланысты ойын жеткізген Амандық Ғаббасұлы еш қоспасыз, экологиялық жағынан таза мұндай өнімнің мал семіртіп, бордақылауға таптырмайтын азық екенін тілге тиек етіп өтті. 
Айта кетейік, «Энергомост» консорциумының облыспен меморандумға отырғандарына екінші жыл. Инвестициялық міндеттемелерін абыроймен атқарып келеді. Екі жақтың да мүдделері ортақ. Өткен жылы «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы фильтрлер, центрифугалар, сорғылар мен таразы сияқты көптеген жабдық алынып, орнатылған. 
Зауытта биыл 100 мың тоннадан аса қызылша өңделеді деп күтіліп отыр. Сол уақытта жұмыс күші көбейіп, алты жүз шақты адам еңбекке тартылатын болады. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Ақсу ауданы