САПАЛЫ ӨНІМ САУДАСЫ ҚЫЗДЫ

Уақыты: 22.08.2018
Оқылды: 1336
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Құрбан айт    мерекесі қарсаңында Талдықорған қаласындағы «Жерұйық» коммуналдық базарында ұйымдастырылған сенбілік жәрмеңке жоғары деңгейде өтті. Елге берер пайдасы мол шарапатты шаруаның дәстүрге сай өтуі базарлы күннің шырайын келтіріп, берекесін тасытты.

 

   Жәрмеңкеде Талдықорған мен Текелі қалалары және Ескелді, Көксу, Қаратал аудандарынан келген ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер өздерінің өсіріп, өндірген табиғи таза, құнарлы да сапалы өнімдерін ел көңілінен шығатындай етіп ұсынды. Сол күні базарға халық әдеттегіден көп жиналды. Ауа райы да жаймашуақтығымен ерекшеленіп, сауда көрігі қызды.
   Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ арнайы келіп, сауда сөрелеріндегі тауарлардың бағасына көз жүгіртті. Қызмет көрсету мен өнім сапасына да айрықша назар аударды. Ауылшаруашылығы тауарларының саудасын қыздырған сатушылар да, экологиялық таза өнімдерге арзан бағада қол жеткізген тұтынушылар да дән риза. Жәрмеңкеге әсіресе қауын-қарбыз, жүзім, алма, қияр, қызанақ, қырыққабат, картоп, пияз, бұрыш, сәбіз сияқты дәруменге бай жеміс-жидек пен көкөніс түрі, бақша дақылдары көп әкелінді.
   Қалалықтар оған ерекше қызығушылық танытып, молынан сатып алды. Күнделікті тұрмыста қолданылатын қант, шай, май, жұмыртқа, құс еті мен ұн, сүт өнімдерін сатып алуға асыққандар да аз болған жоқ. Сауда сөрелеріндегі қой, сиыр, жылқы еті де өз алушыларын тапты. Балыққа сұраныс танытқандар да болды. Бал да өзінің әртүрлілігі және түстері мен дәмдерінің бір-біріне ұқсамайтындықтарымен жұртты өзіне қаратты.
Гүлмира Ырысбайқызы, қала тұрғыны:
– Сенбілік жәрмеңкенің қарапайым халық үшін пайдасы мол. Себебі, біз бұл жерден қалаған затымызды табуға, таңдауға және қалта көтеретін бағамен сатып алуға мүмкіндігіміз бар. Сапасына да күмән келтірмейміз. Өйткені, ол өз өнімдеріміз. Сондықтан мұндай шаралар жалғасса екен деймін. Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға да айтар алғысымыз шексіз.
   Жалпы, жәрмеңкеде барлығы 53 млн. теңгенің 120 тонна ауылшаруашылығы тауарлары саудаланды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.