СҰРАНЫСҚА САЙ

Уақыты: 22.08.2018
Оқылды: 1298
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Қарасай ауданы – географиялық орналасуы, экономикалық әлеуеті жағынан өлкеміздегі маңызды аймақтың бірі. Алматы қаласының іргесінен орын тебуі мұнда өндірілген тауарларды кедергісіз өткізуге мүмкіндік берсе, Алатаудың сай-саласынан аққан тұмса бұлақтар су қорын  молайтып, Жер-ананың несібесін ұлғайта түсуде.

 

– Елбасы елдің ауылшаруашылығын экономиканың драйвері деңгейіне көтеру мәселесін қойғаны белгілі, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Жанболат Жазылбеков. – Осы орайда бізде көптеген игілікті іс атқарылып жатыр. Өзгесін айтпағанда, ауданда өсімдік және егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, «Жетісу» өндірістік кооперативі  бастаған төрт бірдей асыл тұқымды астық өндіруге бағытталған құрылым жұмыс істеуде. Өз істерін ғылыми негізде жүргізетін шаруашылықтардың өнімділігі де жоғары. Жақында ауданға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев арнайы сапармен келіп, Қаскелең тәжірибе шаруашылығы негізінде құрылған  агропарктің жұмысымен танысқан еді. Элиталық тұқымдардан озық технология мен агротехникалық шараларды қатаң сақтау арқылы мол өнім алудың үлгісі ретінде алынған бұл құрылым қазірдің өзінде шаруа қожалықтары үшін тәжірибе алаңына айналған.
     Бүгінде Қарасай ауданының шаруашылықтары ғылым мен техниканың жетістіктерін күнделікті жұмысқа пайдалануда көш бастап келеді. Мұнда бүгінде 10517 гектар алқапқа дәнді дақыл егіліп, бидай мен арпа, сұлыдан мол өнім алынуда. Облыс бойынша жылыжай салудан да қарасайлықтар өзгелерден озық тұр. Ауданда жалпы аумағы 13,1 гектар болатын жылыжай жұмыс істесе, олардың біреуі фермерлік, қалғандары өндірістік негізде, яғни, соңғы үлгідегі голландиялық технология бойынша бой көтерген.  Бұл жылыжайларда өндірілетін қияр мен қызанақ Ресейдің солтүстік аймақтарында жоғары сұранысқа ие.
   Жаз айында бақша өніміне деген сұраныстың артатыны түсінікті. Осы орайда, Қарасай ауданында биыл 3920 гектарға картоп отырғызылса,  2141 гектар алқап көкөніс өсіруге бағытталған. «Жетісу» тәжірибе шаруашылығымен келісімшарт негізінде бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Рашид Таңшаров төгілген тердің төлемі болатынына сенімді. 30 гектар жерді жалға алып, картоп, сарымсақ,  сәбіз, қырыққабат, қызанақ, қияр сияқты бақша дақылдарын баптаған ол бұл жұмысқа отбасы мүшелерінің бәрін жұмылдырған. Тұтынушылардың талабынан шығу мақсатында  химиялық өнімдерді пайдаланудан бас тартқан диқан құс фермасынан шығатын табиғи тыңайтқыштарға басымдық беріп келеді.
– Біз өз жұмысымызда заманауи технологияны қолдануға  тырысамыз, – дейді отағасы шаруа жайын сұрағанымызда. – Бұл жерде “Қазагроқаржы” мекемесі көмек қолын ұсынып, қажетті техника алуға мүмкіндік тудырды. Осылайша 12 гектар алқаптағы картопты жаңбырлатқышпен, 10 гектар сарымсақты тамшылап суару әдісімен ылғалдандырып келеміз. Жер құнарының тозып кетпеуі үшін ауыспалы егістік технологиясын сақтауға да көңіл бөлеміз.
     Бүгінде бақша дақылын жинауға кіріскен Рашид Таңшаровтың отбасы өз өнімін дүкендерге өткізуде. Қаладан арнайы келіп, көзімен көріп, қолымен жинап кететін үлкен сауда кешендері де бар. Сондықтан жер емген диқандар күзге қарай еңбектері ақталып, табыспен қайтарына сенімді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.