ТІКБҰЛАҚТАҒЫ ТОЛЫМДЫ ТІРЛІК

Уақыты: 22.08.2018
Оқылды: 1186
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Биылғы жаз малға да, жанға да жайлы болып тұр. Жайлаудағы елдің жайын білмек мақсатымен Сарыжаз ауылына қарасты Тікбұлақ жайлауына қарай бет алып барамыз. Қайда қарасаң да қауырт еңбек, мал азығын қамдап жатқан жұрт.

 

– Біздің ауылдық округ аумағында 6638 бас ірі қара, 3617 бас жылқы, 29786 бас қой-ешкі бар. Жалпы, ауылымыздың тұрғындары қыстау мен жайлауды жақсы пайдаланады. Қазір өңірдегі Шұбарқарағай, Тікбұлақ, Көккемер, Көмірші жайлауларында 67 малшымыз отыр. Бұл орайда Оралбай Әтеев, Асылбек Сүйінбаев, Бекболат Сұлтанғазиев, Тойшыбай Нұрқасов, Бақытжан  Нұрмұханбетов басқаратын шаруа қожалықтарын орнымен сөз етуге болады, – дейді Сарыжаз ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Сайлаубек Жетпісбаев.
    Біз Тікбұлақ жайлауындағы Жамбыл Ыбыжанов басқаратын «Ақжан» шаруа қожалығының жағдайымен танысып қайтуды жөн көрдік. Бұрындары  жүргізуші болып еңбек еткен Жамбыл ағамыз 1996 жылы жеке шаруа қожалығын құрып алыпты. Жиырма жылдан астам уақыт аралығында малына мал қосылыпты. Қазір екі отар асыл тұқымды арқар-меринос қойы бар. Жүзге тарта жылқы, алпыстан аса сиыр, ірі қарасы құралыпты. Сонадайдан көз тартып тұрған ақ шаңқан киіз үйдің алдында шетелдік қос «ДЖИП» жол талғамайтын көлік тұр. Жалпы, қожалықтың екі тракторы, бірнеше жүк көлігі бар. Шөп шабатын, тайлайтын дүниені де ешкімнен сұрамайды. Дәл осы Тікбұлақ жайлауында 200 гектар жайылымдық әрі шабындық жері бар. Бетегелі таудың ойы-қыры көк шалғынмен жайқалып тұр.
   Шалғы түскелі аптаға жуық уақыт болыпты. Тайланған шөп көз тарта түседі. Сексеннің ішіндегі Жамбыл ағаның Самат, Данияр, Ақжан секілді еңбекпен өскен, қажыр-қайратты ұлдары белді көмекшісі болып шықты. Мал да бағулы, шөп те дайындалуда. Мүмкіндіктерін пайдаланып Шөладырдағы қыстауынан малшы үйін салып жатқан көрінеді.     
– Жайлаудың жағдайы жаман емес. Қасиетіңнен айналайын құйқалы жерімізден ырыс кеткен емес. Тұяғы тиген малдың бүйірі томпайып, ойнақтап шыға келеді.  Күйлі малдан ойдағыдай төл де алынады. Биыл әр жүз саулықтан жүзден қозы ерді. Бұзау мен құлын да жаман болған жоқ, – дейді Жамбыл аға.
   «Ақжан» шаруа қожалығының тірлігі осындай. Қырқаға тігілген киіз үйден баяулап көк түтін көлбей түседі. Құрт жаюлы, қымыз сапырулы. Неше түрлі шөп пен гүлдің иісі жан сарайын ашып, көңіліңді шалқыта, шарықтата түседі. Етектегі сай ішінде көк шалғынды жастана отар-отар қой жусап жатыр. Жылқы мен ірі қара тым алыстап кеткен секілді. Тауларға көрік беріп тұрған ақша бұлттарға қарай-қарай жолға шықтық.

Қанат БІРЖАНСАЛ.