КӨМІРДІҢ ТОННАСЫ - 7500 ТЕҢГЕ

Уақыты: 22.10.2018
Оқылды: 2906
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ойқарағай көмір кеніші Алматы қаласынан шығысқа қарай 440 шақырым жерде, Қытаймен шекаралас Кетпен тауының қыраттарында, теңіз деңгейінен 3500 метр биіктікте орналасқан. Кен орнын 1931 жылы С. Шульц ашқан. 1943-48 жылдары шахтаға геологиялық барлау және зерттеу жұмыстары жүргізілген.

Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылдық округі аумағындағы бұл кеніште көмір қабатының ұзындығы 8 шақырым болса, ені 2-3 шақырымды құрайды. Жер қойнауының тамаша байлығы Батыс, Орталық және Шығыс бөлікшелерге жіктелсе, соның ішіндегі Батыс бөлігі өнеркәсіптік мәнге ие. Атап айтқанда, шаңыраққа шуақ сыйлайтын көмірге тұнып тұр. «Б» маркалы (3Б топты) қоңыр көмірдің күлділігі төмен, қызуы жоғары. Көмір қабатының қоры 80 миллион тонна болса, оның 41 миллион тоннасы ашық өндіруге қолайлы. Бір сөзбен айтқанда, Ойқарағай көмір кеніші Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы ірі көмір кен орны болып табылады. Ол Райымбек, Кеген аудандарын қамтамасыз етуде. Жылдан-жылға көмірдің сапасы жақсарып келеді. Қызуы да ойдағыдай. Ең бастысы, кешкісін жағылған көмірдің шоғы ертең ерте де қызуын жоғалтпай жайнап жатады. Мұндай көмір тамызықты да қажет етпейді. Қайтадан тұтанып, маздап жана береді.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, қысымыз ұзақ, алты айға созылады. Жазымыз салқын. Қазан айынан бастап от жағамыз. Сәуірге дейін күн жылына қоймайды. Шын мәнінде, бізді жылытып отырған Ойқарағайдың көмірі. Үлкен бейнетпен көмір аршып, қатты отынмен қамтамасыз етіп жатқан азаматтардың қолдары қуатты болсын, – дейді Алматы облысының және Райымбек ауданының Құрметті азаматы, қадірменді қария Кеңесбай Байқанов.

Бұл – жөн сөз. «Бүркіт ОЭК» ЖШС Ойқарағай көмір кенішінде 2000 жылдан бастап №470 шартпен жұмыс атқарып келеді.  Көзімізбен көргеніміздей, Ойқарағайда көмірдің үстіңгі  қабаты 50-55 метрге дейін жеткен. Көмір тасу тоқтатылатын сәуір-қазан аралығында 250 мың тонна топырақ шығарылады. Топырақ қабатын аршу үшін қуатты карьерлік техника сатып алынады. Бұл шартта көрсетілген міндеттеме болып саналады. Индустриялдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің қадағалауымен ескі техниканы есептен шығарып, заман талабына сай жаңа техникамен қамтамасыз ету міндеттелінген. Оның сыртында шарт талабына сай ғылыми зерттеу, ғылыми техникалық немесе тәжірибелік конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру да жүзеге асып отырады.

– Жылдан-жылға көмір қабаты төмендеп барады. Аршу науқаны кезінде 150 мың шаршы метр топырақ қабатын аршып шығарамыз. Осы жұмыстарға 250 тонна жанар-жағармай 450 шақырым Алматы қаласынан тасымалданады. 30 тонналық «БелАЗ» жүк көліктерінің жүргізушілері Жаңатас және Кентау, Жетіқара, Қарағанды қалаларынан шақырылады. Көмірдің бағасы сол көмірді өндіруге кеткен шығындардан тұрады, – дейді «Бүркіт» отын-энрегетикалық компаниясы» ЖШС бас директоры Ләззат Ботабекова.

Жыл сайын «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қарағанды филиалы Б маркалы (3Б топты) қоңыр көміріне сәйкестік сертификатын береді. Көмірді өндіру кезінде қойнауының ластануына жол бермеу шаралары орындалады. Жоспарланған әрекеттердің қоршаған табиғи ортаға тигізетін әсерін бағалау және мемлекеттік табиғи қорғау міндеттері уақытылы жүзеге асырылады. Көмірдің 1 тоннасы биыл – 7500 теңге. 2016 жылы 28,8 мың тонна көмір өндірілген. Өткен 2017 жылы 30 мың тонна көмір дайындалды. 2020 жылға дейін көмір өндіруді 30 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Өткен қыс маусымында қала маңында көмір болмай, Ойқарағайдың қатты отыны тасымалданды. Оны көзімізбен көрдік. Осылайша, Ойқарағай қатты отыны таулы өңір тұрғындарын ғана емес, облыс, республикаға да шығарыла бастады.

– Көмір кенішінде 33 адам жұмыс істейді. Олардың бәрі аудан тұрғындары. Арнайы киім, аяқкиіммен қамтамасыз етілген. Жағдайы жақсы. Еңбекақысына да реніштері жоқ, – дейді Ойқарағай көмір кенішінің басшысы Жарас Нұрғазиев.

Ойқарағай көмір кеніші Ұлттық бизнес рейтингі қорытындысымен 2014 жылы «Сала көшбасшысы» Ұлттық сертификатымен марапатталды. Серіктестіктің бас директоры Ләззат Ботабекова «Қазақ экономикасының Даңқ жұлдызы» орденімен марапатталды. Кен өндірісінің басшысы Жарас Нұрғазиев «Ерен еңбегі мен жетістіктері үшін» медалін алды. Серіктестіктің есепшісі Жәмилә Жылгелдиева «Жыл маманы – 2014»  атты ұлттық сертификат алды. Қаһарман Ахметов, Ұлан Әбділманов, Дина Ібітанова, Борис Нивников та ерен еңбектері үшін құрметке бөленді.

Райымбек ауданындағы Текес ауылының бір түлегі, айтулы перзенті Ләззат Қайсарқызы республикаға танымал еңбекқор, іскер ана. Белгілі кәсіпкер. 2014 жылы кәсіпкерлік салада «Жыл адамы» атанды. «Сауда үздігі – 2016» республикалық байқауында «Ең үздік сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болып, арнайы диплом алды. Ол тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында мерекелік медальмен марапатталды. Мұның бәрі әр үйге жылу сыйлап отырған Ойқарағай көмір кенішіне берілген оң баға болса керек.

Қанат БІРЖАНСАЛ

                                                     Райымбек ауданы

Алматы облысы