ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ КЕНЖЕЛЕП ТҰР

Уақыты: 23.10.2018
Оқылды: 2645
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ қатысуымен өткен Үкімет отырысында инвестиция тарту, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту, көлік пен логистиканы цифрландыру мәселелері қаралды.

Осыған орай, министрлер мен облыс басшылары баяндама оқып, атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Әрине, олардың сөзіне қарасақ, жұмыс өз бағытымен. жүруде. Бақытжан Әбдірұлы жиында:

– Қазір инвесторлармен жұмыс жасаудың барлық жағдайы жасалды. Олармен жұмыс істейтін облыс әкімдерінің орынбасарлары тағайындалды. Әр өңірде «ҚазИнвест» филиалдары ашылды. Қазіргі таңда елімізге тартылған шетел инвестициясының көлемі аз емес. Алайда жеке инвестицияны тарту деңгейі көңіл көншітпейді.  Осындай жағдай Астана мен Шымкент қалалары, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында орын алуда. Яғни, жеке инвестицияны тарту жұмысы жоқ деген сөз. Сондықтан, осы мәселеге барынша назар аудару керек, – деді.

Үкімет басшысы осы ретте шетелдік инвесторлармен бірлесіп жұмыс жасау үшін келісімшарттардың да нәтижелі болмай тұрғанын сынға алды.

– Әр облыста инвестиция форумын өткізу бәсекеге айналды. Расында, өңірлер осы арқылы өз мүмкіндігін көрсетуі керек. Сол форумдарда қаншама меморандумға қол қойылады. Солар іс жүзінде орындалып жатыр ма? Орындалмай жатса, себебі не? Ол туралы ешкім ауыз ашпайды, – деп түйіндеді Премьер-Министр. Сондай-ақ, Бақытжан Әбдірұлы инвестиция тартумен қатар, шетелден келетін инвесторларды тіркеу, олардың балаларын балабақшамен қамту, мектеп жасындағыларды алаңсыз оқумен қамтамасыз ету, медициналық жағдай жасау мәселесін де назарға алу керектігін тапсырды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы