БІР ӨЗІ ҮШ ОТБАСЫНА АЙЛЫҚ ТӨЛЕЙДІ

Уақыты: 11.03.2019
Оқылды: 1077
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақдала – аудан орталығынан солтүстік-батысқа қарай алпыс шақырым шалғай орналасқан шағын елді мекен. Үлкен жолдан жырақта, алты қырдың астында жатқан аядай ауылда Болат Мырзахметов атакәсіппен айналысады. Ол осыдан он төрт жыл бұрын «Абылай» шаруа қожалығын құрып, ісін бастаған болатын. Бір өзі үш отбасына айлық төлеп, жұмыспен қамтып отыр.

 

Шаруақор жан тер төгіп, сиыр мен қой санын арттырды. 2011 жылы мемлекеттің қолдауымен «Сыбаға» бағдарламасы арқылы пайызы төмендетілген несие алып, ірі қараның басын едәуір көбейтті. Қазақтың ақбас тұқымды бұқалары мен тана-торпағын қоса есептегенде бүгінде 250-дей ірі қарасы бар. Бұлар негізінен етті бағытта.

Бес жылдан бері тұрақты түрде бұқашық өткізуді жолға қойды. Бұқашықтары өсіп-жетіліп, бір жастан аса тиісті салмақ алғанда оны Үңгіртастағы бордақылау алаңына сатады. Ол алаң ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында жұмыс істейтін «Империя Фуд» ЖШС-не тиесілі. Тірідей салмақпен қабылданған әр бұқашыққа мемлекеттен демеуқаржы да төленеді.

Іскер жан қорасынан мыңға жуық қой өргізеді. Оның 400-і биязы жүнді меринос. Кейінгі кездері осы тұқымды көбейтіп, ұсақ малды да асылдандыруда. Малға қажетті азық түрлерін қожалық өзі дайындайды. Ол үшін егістік пен шабындық жерлері, арнайы техникалары бар. Мал азығы жеткілікті.
Кәсіпкер үш отбасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Малшы-механизаторларға жалақыларын уақытылы беріп, еңбек адамының маңдай терін бағалайды. Отбасы нәсібін атакәсіптен теріп жүрген Болат пен жан жары Нәсіпкүл бір ұл мен екі қыздың ата-анасы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы