Өнімге сұраныс жоғары

Уақыты: 08.11.2016
Оқылды: 1461
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінгі таңда сапалы өнімдер шығарып, бәсекеге қабілетті бола алатын отандық кәсіпорындар саны артып келеді. Солардың бірі – Есік қаласында орналасқан «Электрокабель зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған кәсіпорынның негізі 2002 жылы қаланған. Содан бері зауыт үздіксіз жұмыс істеуде. Олардың электр-техникалық өнімдері нарықта ерекше сұранысқа ие. Қажырлы еңбек пен тату тірліктің арқасында зауыт табыстарға қол жеткізіп, еліміздің энергетикалық саласының дамуына өз үлесін қосып отыр. Жуырда біз зауыт жұмысымен танысып, ондағы технологиялық үдерістерді өз көзімізбен көріп қайтқан едік.

– Біздің кәсіпорын елімізде алғашқы болып энергетика саласына қатысты өнімдер шығара бастады. Мұнда түрлі диаметрдегі электр кабельдері өндіріледі. Өндірістегі құрал-жабдықтардың барлығы Түркиядан әкелінген. Ондағы жұмыс істейтін мамандар жоғары білімді. Өз ісінің нағыз білгірлері.
Зауыт жылына 1000 километрге жуық кабель шығарады. Өнімдеріміз еліміздің барлық аймақтарын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, Алматыдағы бірнеше қосалқы стансы біздің зауыттың шығарған материалдарымен жарақталған. Солардың бірі – «Медеу» мен «Шымбұлақтағы» электр жүйелері. Кәсіпорын ең алдымен үш нәрсеге баса назар аударады. Олар – өнім сапасы, кәсіби шеберлік және іскер сенімділік, – дейді зауыт директоры Зилфикар Чикаев.
Әрине, өнім ең алдымен сапасымен бағаланады. Бұл орайда зауытта өнімнің сапасын бақылайтын арнайы лаборатория жұмыс істейді. Бақылау-өлшеуіш және сынау жабдықтарымен бізді осындағы лаборант Олеся Лено таныстырды. Мұнда ең алдымен алюминий сымының диаметрін штангенциркуль арқылы өлшейді екен. Оның мөлшері қондырғыда дайындалған мөлшермен сай болуы керек. Одан кейін кептіру мен суытуға арналған жабдықтарда ыстыққа, суыққа төзімділігін анықтайды. Сосын арнайы тартқышпен алюминий сымын керіп тартады. Бұл құрал оның тез үзіліп кетпеуін қадағалайды. 
– Осындағы бақылауыш құрылғылардан өткен өнім барлық талаптарға сай болуы тиіс. Сонда ғана барып өнідірістегі технологиялық үдерістердің қалыпты жұмыс істеп жатқанына көзіміз жетеді. Осы күнге дейін біз шығарған өнімдерге тұтынушылар тарапынан көңіл толмаушылық болған емес, – дейді ол.
Электр өнімдеріне қажетті шикізаттардың бәрі бұрын шетелдерден тасымалданыпты. Ал, қазір алюминий Павлодар облысынан әкелінеді екен. Мұның өзі зауыттың шығынын азайтып, уақытын үнемдеуге өз септігін тигізіп отыр.
Кәсіпорында 32 адам жұмыс істейді. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Олар шетел қондырғыларының тілін меңгеруі үшін Түркияға барып, арнайы білім алып қайтыпты.
– Мен Есік қаласының маңындағы Төле би ауылынанмын. Мұнда жұмыс істеп жатқаныма 2 жылдай уақыт болды. Құдайға шүкір, тұрақты жұмысым бар. Алматыға барып жұмыс іздеп сабылып жүргенім жоқ. Осында, міне, маман болып қалыптастым. Алатын жалақымыз да жаман емес, – дейді зауыт операторы Мұхтар Әлімбаев.
Алдағы уақытта зауытта тағы да екі желі іске қосылуға дайын тұр. Бұл – өндіріс көлемінің ұлғаюы мен жаңа жұмыс орнының ашылуы деген сөз.
Он бес жыл уақыт ішінде кәсіпорын үлкен белестерді бағындырды. Еңбектері еленді. Оған дәлел, керегеде ілініп тұрған Алғыс хаттар мен арнаулы дипломдар. Алдағы уақытта да зауыт ел экономикасының өркендеуі жолында аянбай жұмыс істейтініне кәміл сенеміз.

Еңбекшіқазақ ауданы.