"ЖҰМЫС ІСТЕҢДЕР": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ӘКІМДЕР ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Уақыты: 06.12.2019
Оқылды: 1027
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімдігінде он айдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері баяндалып, алдағы уақытта іске асырылуы тиіс жұмыстар пысықталды. Осыған орай бірнеше аудан әкімдерінің есебі тыңдалды. Оған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Бір сөзбен айтқанда, аталған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері толымды. Қай салада болсын өрлеу бар. Десек те кемшіліктер де жоқ емес. Есеп беруде оны түзету жолдары қарастырылып, күрмеуі тарқатылуы тиіс проблемалар алға тартылды. Жиында өндіріс, кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, ауылшаруашылығы, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тағы басқа салалар бойынша іске асырылып жатқан жұмыстар баяндалды.

САРҚАН ауданының әкімі Марат Разбеков жалпы ішкі өнімнің көлемі 63 млрд. теңгеден асқанын айтты. Ағымдағы жылы өнеркәсіп саласында 5 млрд. 400 млн. теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Алдағы жылы жоспар бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемін 5 млрд. 600 млн. теңгеге, ауылшаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемін 42 млрд. теңгеге жеткізу көзделген. Қант қызылшасына арналған алқап көлемі де ұлғаймақ. Мал, құс, сүт, жұмыртқа бойынша жылдық жоспар орындалады деген болжам бар.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде елу бес адам шағын несиеге қол жеткізген. Ауылшаруашылығына қажет сексеннен аса техника сатып алынған. Негізгі капиталға 6 млрд. теңгеден аса инвестиция тартылып, 5490 шаршы метр тұрғын үй іске қосылған. Бұл көрсеткіштер жыл соңына дейін тағы өспек. Шағын және орта кәсіпкерлік саласының да дамуы ойдағыдай. «Азия-Голд» ЖШС дәрілік шөптерді қайта өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Сондай-ақ, «ВЭС 50 МВт «Абай-2» ЖШС қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр стансысы құрылысының жобасын іске асырмақ.

КЕРБҰЛАҚ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев өз кезегінде: «Экономикалық өсім тұрақты. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 3 млрд. 255 млн. теңгені құрады. Ауылшаруашылығындағы жалпы өнім 37 млрд. теңгеден асты. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 22 млрд. 885 млн. теңге. Бөлшек тауар айналымы 5 млрд. 230 млн. теңгеге жетті. Сонымен бірге 5 мың 805 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», – деп он айда атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, әр саладағы проблемалық мәселелерге ойысты.

Мәселен, суландыру жүйелерін қалпына келтіру, су қоймалары мен су тоспаларын күрделі жөндеуден өткізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім саласы бойынша туындаған мәселелерді шешу, Көксу, Кескентерек, Терісаққан, Көктал өзендерінің жағалауларын бекіту, ауылдардағы тозығы жеткен Мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу, көшелерді жарықтандыру, тағы басқа мәселелерді ретке келтіруге ден қойды. Сондай-ақ, әкім биыл аз қамтылған көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 20, жеке кәсіпкерлердің демеуімен 16 баспана сатып алынғанын айтып өтті.

ҚАРАТАЛ ауданында да әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінің орындалуы бойынша біршама жұмыс атқарылған. Аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаев алдымен аудан бюджетіне болжамға сәйкес 1 млрд. 171,5 млн. теңге кіріс кіріп, жоспар асыра орындалатынына сендірді. Бұдан соң өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстарды пысықтады. Айтуынша, өнеркәсіп алаңында күн электр стансысы іске салынып, украиндық ивестор «Helios Strategia» компаниясы қуаттылығы 4,95 кВт электр энергиясымен қамтамасыз етпек. Бүгінде бұл инвестжобаға 10 гектар көлемінде жер учаскесі бөлініп берілген. Құрылыс-монтаж жұмыстары басталған, нысан келесі жылдың бірінші жартыжылдығына іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша аудан аумағында «Алматы облысында шошқа өсіру шаруашылығы негізінде ет және шұжық өндірісін ұйымдастыру» жобасы аясында «АгроИнвестКаратал»  ЖШС Агрокредиттік коорпорациясынан қолдау алып, бұл жоба «Алматы облысының 2015–2019 жылдарға арналған аймақтық индустрияландыру  картасына» енгізілген. Жоба құны 5,4 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі күнге 3,3 млрд. теңге инвестиция тартылған. Желтоқсан айында Дания мемлекетінен асыл тұқымды 320 бас аналық және 15 бас аталық жеткізілмек. Сонымен бірге алдағы жылы төрт инвестициялық жоба іске асырылады деп көзделуде.

АҚСУ ауданының әкімі Есім Базарханов сөзін: «Сіздің тікелей көмегіңізбен биыл өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып, аудан орталығы мен ауылдарда абаттандыру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Коммуналдық шаруашылық нысандары жөндеуден өтіп, тұрғын үй мәселелері шешілді. Мәдениет, демалыс, спорттық нысандар жаңартылып, ел игілігіне пайдалануға берілді», деп бастады. Бұдан кейін әр салаға жеке-жеке тоқталып, проблемаларын айтты. Осы өңірде өнеркәсіп саласы бойынша отызға жуық кәсіпорын жұмыс істейді және мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 млрд. теңгені құраған.

Ауданда бір ірі жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Келесі жылы тағы екі ірі жобаны жүзеге асыру болжамда бар. Ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 29 млрд. 391 млн. теңгені құрапты. Алдағы уақытта өнеркәсіп өндірісі мен ауылшаруашылығындағы жалпы өнімін ұлғайту, инвестицияның, шағын және орта бизнес өнімдерінің көлемін арттыру, құрылыс жұмыстарын жандандыру, жұмыссыздардың санын азайту сияқты істерді өрістету мақсат етілуде. Ауданда 2020 жылы 1121 жаңа жұмыс орындары құрылмақ.

ЕСКЕЛДІ ауданының әкімі Рауан Рақымбеков аудан экономикасына 9 млрд. 265 млн. теңге инвестиция тартылғанын айтты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы өспек. Ал ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 28 млрд. 551 млн. теңгені құраған. Сондай-ақ, құны 12 млрд. теңгеден асатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары атқарылуда. Мәселен, Шажа өзенінде ГЭС-2, асфальтбетонды зауыт, 256 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынуда. Бұл нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Ал ірі қара және ұсақ мал байлайтын бордақылау алаңдары мен 100 мың басқа арналған құс фермасының құрылысы бүгінде тамамдалыпты. Яғни, бұл кәсіпорындар талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашып отыр. Алдағы жылы да жүзеге асырылатын жобалар аз емес.

КӨКСУ ауданының әкімі Алмас Әділдің сөзінше, берілген тоғыз тапсырманың бүгінде төртеуі орындалып, үшеуі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал қалғаны орындалмаған.

Ауылшаруашылығында 20 млрд. теңгеден аса өнім өндірілген. Жарлыөзек ауылдық округінде 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы, Мұқыры ауылдық округінде 200 басқа бордақылау алаңы іске қосылған. Құны 10 млрд. 588 млн. теңге болатын өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, негізгі капиталға салынған инвестициялар 5 млрд. 821 млн. теңгені құраған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 83,9 пайызға орындалған.

Тұрғын үй құрылысы бойынша Балпық би ауылында жиырма және елу пәтерлі жалгерлік үйдің құрылысы аяқталуға таяпты. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында аталған ауылды газдандыру жұмыстары жалғасуда. Шағын және орта бизнеспен айналысушылардың саны өскен. Алдағы жылы агроөнеркәсіп кешенінде бірнеше жоба іске асырылмақ. Олардың ішінде мал бордақылау алаңдарын салу, тауарлы-сүт фермаларын кеңейту сияқты жұмыстар бар. Көксу зауыты қамыс қантын шығаратын қондырғы орнатпақ. Сондай-ақ, аудан әкімі: «Ауданда егіс суы тапшы. Мұқырыда су жинайтын орын салу керек. Сыйымдылығы 16,1 млн. текше метр болса, 8 шақырым су тарату желісі және керек. Жоба іске асса, 1300 гектар жерді игеруге мүмкіндік туар еді», – деді. «Бақытты отбасы», «7–20–25», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Ауыл – ел бесігі» сияқты бағдарламалар бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Болашақта да жалғаспақ.

Есеп беру кезінде аудандардың әкімдері кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді де қозғап, оң шешімін табу жолдарын қарастырды. Қаражат сұралды. Әкімдер әсіресе тозығы жеткен автокөлік жолдары мен ауыл ішіндегі көшелерді жөндеу, жарықтандыру, әлеуметтік маңызы бар ескірген ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу немесе жаңасын салу, халықты баспанамен қамтамасыз ету, құрылыс жұмыстарын жандандыру, істен шыққан су жүйелерін, кәріз желілерін қалпына келтіру, жол бойлары мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, көше арықтарын ретке келтіру, елді мекендерді газдандыру, ауыз су, ауыл және су шаруашылығындағы мәселелерді шешуге ден қойды.

Облыс әкімі осының бәрін бүге-шігесіне дейін мұқият қарап тексеріп, қажетті көлемде қаржы бөлуді, көмектер беруді жүктеді. Осыған байланысты салаларға жауапты лауазымды тұлғаларға нақты міндеттер жүктей отырып, берілген тапсырманың орындалуы алдағы кезде жіті қадағалауда болатынын еске салды.

* * *

Аудан әкімдерінің ағымдағы жылда атқарған жұмыстары мен алдағы уақытта жүзеге асыратын іс-шаралары жөніндегі есеп беру жиынын ҚАРАСАЙ ауданы жалғастырды.

Аудан әкімі Жандарбек ДАЛАБАЕВ Қарасайдағы ілгерінді істер жөніндегі есебін ауылшаруашылығы саласындағы жағдаятты баяндаудан бастады. Аудан әкімінің айтуынша, жылдың соңына дейін жалпы ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 55,5 млрд. теңгені құрайды. Бұл – меженің артығымен орындалғандығын көрсетеді. Ауылшаруашылығы бойынша тағы бір жағымды жаңалық – ауданда ет экспорттау жүйелі іске асырылып келеді. Биыл шетелге 50 тонна ет шығарылып, жоспар өз деңгейінде орындалған. Баяндамашы инвестиция тарту бойынша Елтай ауылдық округінде көкөніс өндірісін дамытуға бағытталған «Евразиян грин продукт» ЖШС-нің құрылысы келесі жылдың бірінші жарты жылдығында аяқталатынын айтты. Оған инвестор компания 5,6 млрд. теңге қаржы тартып, нәтижесінде 50 адам жұмыспен қамтылған. Аудан халқы үшін тағы бір жағымды жаңалық – «АгроИмпэксАлатау» ЖШС өнеркәсіптік жылыжайына 1 млрд. 749 млн. теңге инвестиция салып, құрылыс жұмыстарын аяқтаған. Сонымен қатар, 2019 жылы Жамбыл ауылдық округінде «Агро Фирма Керуен»  ЖШС-і 40 гектар жерге, Райымбек ауылдық округіндегі «Каз Агро Ферма»  ЖШС-і 7 гектарға  интенсивті технология бойынша жеміс ағаштарын отырғызған. Инвестиция көлемі 800 млн.теңге.

Тұрғындар қажеттілігін өтеу үшін елімізде нысандарды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салуға зор мән берілуде. Облыс әкімі Амандық Баталов бұл орайда қандай шаралардың атқарылып жатқандығы жөнінде аудан әкіміне сұрақ қойды. Аудан әкімі қазіргі таңда Елтай ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде «Көкөзек» электр қосалқы стансысының құрылыс жұмысы басталғандығы жөнінде айтты. Жоба құны 2 млрд. 400 млн. теңге. Аудан әкімінен әлеуметтік нысандардың жай-күйі, құрылыс қарқыны жайлы жан-жақты сұралды. Қарасайда барлығы 55 мектеп болса, бала санының артуына байланысты жаңа мектептер тұрғызу, ескілерін жаңарту, қосалқы жапсаржайлар салу мәселесі туындаған.

Аудандағы өзекті мәселенің бірі – әлі күнге  үшауысымды 11 мектептің барлығы. Үшауысымды білім алуды болдырмау мақсатында 3 мектепке қосымша құрылыс нысаны салынуда. Керімбеков, Мәметова атындағы орта мектептерге 300 орынды, Абай ауылындағы орта мектепке 600 орынды жапсаржай салу басталған. Аудан әкімі «Асыл арман» тұрғын үй кешені маңынан жекеменшіктің қаржысына тұрғызылатын 2200 орынды мектепке инфрақұрылым тартуға қаржы бөлінсе деген ұсынысын айтты. Игілікті істі қолдаған Амандық Ғаббасұлы жауапты адамдарға керекті қаржыны есептеп, бөлуді тапсырды. Сондай-ақ, Жандосов ауылдық округінің әкімдік ғимараты жаңадан салынатын болды. Сондай-ақ, ауданға «Жедел жәрдем» көлігінің қажеттігі, Шамалған ауылының көшелерін кеңейту жөніндегі ұсыныс оңды шешімін тапты.

ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ облыс әкімі Амандық Баталовқа ағымдағы жылы 710,2 гектарға алма бақ отырғызылғанын айтты. Оның 188 гектарға егілгені интенсивті бақ. Алдағы 2020 жылы қосымша 800 гектарға алма бақ отырғызу жоспарланған. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы  аудан басшысына Еңбекшіқазақта газ тарту жұмысының кешеуілдеуіне сын айтып, жұмысты жандандыруды тапсырды. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ: «Алдағы екі жылда туу деңгейінің өсуіне байланысты Есік, Түрген және Бәйтерек ауылдарындағы мектептер үш ауысымда оқытуы мүмкін. Осыған байланысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аталған елді мекендерде 600-ден астам орынды құрайтын үш жеке мектеп салынатын болды», – деді.

РАЙЫМБЕК ауданындағы соңғы жылдары елді елең еткізген жаңалық картоп дақылының көптеп отырғызыла бастағаны болды. Биыл аудандағы 6,0 мың гектар жерге отырғызылған картоптың әр гектарынан 208 центнерден өнім алынған. Сонымен қатар, 607 гектар жерге себілген 1-ші репродукциялы «Сантэ» және «Агрие» картоп тұқымдарынан 16 740 тонна өнім алынып, елдің ырыздығы артқан.  Алдағы 2020 жылы 1-2 репродукциялы картоп тұқымын 3,0 мың гектар жерге себу жоспарлануда. Ауылшаруашылығы трактор-комбайнға тәуелді екені белгілі. Аудан «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 83 бірлік техникаға сұраныс берді.

Ауданда инвестиция тарту бойынша біраз шаруа атқарылған. Туризмді дамыту мақсатында 1 қонақүй, 3 аңшылар үйі, 1 қонақ күтетін үй, 1 спорттық-сауықтыру лагері жұмыс істейді. Аудан әкімінің айтуынша, 2020 жылы туризм саласы бойынша 3 жоба іске асырылмақшы.

Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергеновтің айтуынша, өңірдегі Қызылшекара Қарасаз, Жамбыл, Шәлкөде, Қаратоған, Тегістік, Көкбел, Жаңа-Текес, Тұзкөл ауылдарының су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалар жасалуда. Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, 2021 жылы халықты орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз ету деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Облыс әкімі Райымбек ауданына жаңадан құрылған өңір ретінде жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.

КЕГЕН ауданының әкімі Талғат Байеділов соңғы 10 айда экономикалық көрсеткіштерде қалыпты өсу байқалғандығына тоқталды. Ауылшаруашылығы – 16 млрд. 955 млн. теңге, инвестиция тарту – 3 млрд. 395 млн. теңге, құрылыс 2 млрд. 780 млн. теңге көлеміне жеткен. Өнеркәсіп, тұрғын үй саласында меже орындалмаған. Инвестиция тарту кемшін тартқан. Ауданның өз кірісі төмен.

Облыс әкімі Амандық Баталов Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділовке инвестор тарту бойынша жұмыстың дұрыс жүрмегенін айтты.

- Кеген туризмге өзі сұранып тұрған аудан. Жолын да жасап жатырмыз. Енді неге кәсіпкерлерді туризмді дамытуға тартпайсыңдар? Кегеннің жері мен малы жеткілікті. Ет, сүт өндіретін кәсіпорындар жоқтың қасы. Инвестор тарту бойынша жұмыс істеңдер, – деп тапсырма берді.

БАЛҚАШ ауданының ауылшаруашылық саласы бойынша 10 айда ішкі жалпы өнім 21 млрд. 24 млн. теңгеге жеткен. Мұнда көбінесе жеке шаруашылықтар ет-сүт өндіруге үлес қосуда. «Динара ранч» ЖШС-і жеке қаражат есебінен 1,5 млрд. теңгеге 1500 бас сүтті бағыттағы ірі қара мал басын сатып алып, 1,0 млрд. теңгеге тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Фермада 45 адам жұмыс жасап, күніне 1200 бас сиыр сауылып, 40 тонна сүт өндірілуде. Ауданда құрылыс қарқын алған. Аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасымен Ақкөл, Қарой, Көктал ауылдарынан 10 жалгерлік тұрғын үй салынып, жетіспейтін мамандықтар бойынша шақырылған жас дәрігер мен ұстаздарға берілді. Сонымен қатар, "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы аясында 18 жас маманға тұрғын үй сатып алынды», –деп баспанамен қамту жайын ортағы салды.

ПАНФИЛОВ ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемінің жыл соңында 45,8 млрд.теңгеге жеткізілетінін, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 54,9 млрд. теңгені құрайтынын айтты. Ауданда дәндік жүгері өндіру бойынша биыл 26 мың гектар орылып, барлығы 166,2 мың тонна өнім алынғандығы айтылды. Негізгі капиталға инвестиция салу бойынша көрсеткіш орындалмаған. Аудан әкімі Жаркенттегі «Қарлығаш» балабақшасын жаңарту, балалар кітапханасын жаңадан салу, қатты қалдықтар орналастырылатын орынды жаңалау үшін қаржы бөлінсе деген өтініш айтты. Облыс басшысы Амандық Баталов барлығы да халық игілігі үшін керек нысандар екеніне тоқтала келіп, жауапты мамандарға қаржы бөлуді тапсырды.

Есеп берген аудан әкімдеріне инвестиция тарту, халықты тұрғын үймен қамту, салыққа түсетін қаржыны көтеру барысында тапсырма берілді. Тағы бір қуанатын жағдай, алдағы уақытта аудандарда бюджет қаржысына дәрігерлерге арналып баспана салынбақшы. Жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың жағдайын көтеру баса міндеттелді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы