"ҚАЗАҚСТАН 106-НШЫ ОРЫНДА": ЖОЛ САПАСЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?

Уақыты: 06.02.2020
Оқылды: 1315
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Осы мәжілісте Үкімет басшысы Асқар Мамин елдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жасады. Сөз арасында: «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша 13 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынып, 4,4 мың шақырымнан астам республикалық жол жаңартылды. Тағы 640 шақырымнан астам жол пайдалануға берілді», – деді Премьер-Министр.

Соңғы онжылдықта еліміз бойынша жол құрылысының шындап қолға алынып, қарқынды жүріп жатқанын өз көзімізбен көріп жүрміз. Алысқа бармай-ақ өткен жылдары халық игілігіне берілген Алматы – Талдықорған аралығындағы төрт жолақты заманауи даңғыл жолды айтсақ та жеткілікті. Жаныңа жайлы жолға шыққанда астыңдағы көлігіңнің де асау тұлпардай зырлай жөнелетіні рас. Бірақ кейінгі кезде жап-жаңа күре жолдың өзі табиғаттың құбылмалы мінезіне төтеп бере алмай әр жерлерінен ақаудың байқалып жататыны да шындық. Қалай айтсақ та мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалған соң жолдың сапалы салынуын талап ету заңдылық дер едік.

Сөзімізді нақтылай түссек, өткен жылы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалының мамандары облыс бойынша республикалық және жергілікті деңгейдегі автомобиль жолдарының сапасын бақылау, тексеру мақсатында 956 рет жұмыс басында болып, 143 түрлі кемшілік пен ақаудың барлығын анықтады. Жұмысты нақтылау үшін жол құрылысы материалдарының 774 данасына зертханалық сынақ жүргізді. Нәтижесінде, 142 жол құрылысы материалының талапқа сай емес екендігі анықтады. Осындай кемшіліктердің барлығын жуық арада жою үшін тапсырыс беруші мен бас мердігерге 107 ұйғарым-хат жіберілді. Алайда бұл кемшіліктің 44-і жыл соңына дейін жөнделмеді. 

Байқап отырғанымыздай, талап, бақылау, тексеру жұмыстары өз деңгейінде жүргенімен айтылған сын-ескертпенің орындалуына, жолдың қалпына келтірілуіне көңіліміз толмайтынын баса айтқымыз келеді.

Жалпы Қазақстанда 96 мың шақырым жол болса, оның 24 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға жатады. Мұнымен қоса 6 транзиттік дәліз бар. Олар: «Самара – Шымкент», «Алматы – Ташкент – Термез», «Омбы – Майқапшағай» дәліздері. Осы республикалық маңызы бар жолдар мен транзиттік дәліздерге «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының жауап беретіні белгілі.

– Бізде «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірінші кезекте осы алты дәлізді жөндеу көзделген болатын. Қазіргі таңда транзиттік дәлізді жөндеп біттік. Бүгінде республика бойынша 14 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жұмысқа 18 мың адам және 12 мыңға жуық техника жұмылдырылды. Онымен қоса 428 шақырымды күрделі жөндеу, 1415 шақырымды орташа жөндеу, 1,6 мың шақырымды күтіп ұстау жұмыстары жалғасуда. Соңғы он жылда автожол саласында 9 мың шақырым республикалық маңызы бар жолға қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде жолдың жай-күйі 21 пайызға жақсарды. Нашар жолдар 40 пайыздан 12 пайызға азайды, – деді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов жылды қорытындылаған мәжілісте.

Ойды ой қозғайды, интернет дерегіне сүйенсек, 2017 жылдың қараша айында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда елдер арасындағы бәсекелестіктің жаһандық рейтингінің қорытындысы шығарылған. Онда жол саласы бойынша 137 елдің арасында Біріккен Араб Әмірліктерінің жолы ең сапалы деп танылып, бірінші орынға қойылыпты. Екінші сатыда Сингапур болса, үшінші орынға Швейцария көтерілген. Ал Қазақстан 115-орында тұр. 2018 жылдың қорытындысында автомобиль жолдарының сапасы бойынша 140 елдің ішінде 106-орынға жетіпті. Бұдан шығар қорытынды, санды қуаламай, сапаға қарайтын уақыттың жеткенін ашық айтқымыз келеді.

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА

Сурет ғаламтордан алынды