"ҰЯТҚА ҚАЛМАҢЫЗДАР": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ АУДАН, ҚАЛА ӘКІМДЕРІМЕН ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 12.04.2020
Оқылды: 842
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Еліміздегі төтенше жағдайдың сәуір айының соңына дейін ұзартылатынын жеткізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ республикалық штабтың отырысында жариялаған мәлімдемесіне байланысты Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ селекторлық жиын өткізіп, маңызды салалардың жұмысын тексерді. Облыстық департаменттер мен басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері қатысқан жиында облыс әкімінің орынбасарлары өздері қадағалайтын бағыттарда жүргізіліп жатқан жұмыстарды таныстырып, қолға алынуы тиіс шаралардың барысын әңгімеледі.

Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов келесі аптада ауа райы жауын-шашынды болатынын ескертіп, таулы өңірлерде су тасқынын болдырмау шараларын күшейту керектігін аудан, қала әкімдеріне ескертсе, облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров биылғы егістік жұмыстарының барысын таныстырды. Оның айтуынша, биыл Жетісу жерінің дихандары 16 мың гектардан астам жерге қант қызылшасын өсіріп, халықтың игілігіне жаратуы тиіс.

Дегенмен, кейбір аудандағы шаруалар «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан берілетін қант қызылшасының тұқымын алуды кешіктіріп отыр. Атап айтқанда, Ақсу ауданы 400 гектарға себілетін тұқымды, Сарқан ауданының диқандары 1000 гектарлық тұқымды, Ескелді ауданы 800 гектарға салынатын тұқымды, Қапшағай қаласындағы шаруа қожалықтары 448 гектардың тұқымын әлі алмаған. Осыған орай аталған аудан, қала әкімдерін сұраққа алған облыс әкімі көктемгі егіс жұмыстарын кешіктірмеу керектігін ескертті.

Одан соң облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов индустриялы-инновациялық жобалардың жүзеге асуын, инвестициялық бастамалардың ретімен жұмыс істеуі керектігіне қатысты барлық шаралар қолға алынып жатқанын жеткізсе, облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев халыққа қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінің қалай жүргізіліп жатқанын таныстырды. Оның айтуынша, облыс аумағында 29 сауда кешені тұрақты жұмыс істейді. Олардың барлығында тұрғындардың қажетін толық қамтамасыз ететін азық-түлік қоры жеткілікті. Соған орай 19 түрлі азық-түлік түрінің бағасын тұрақтандыру қолға алынып отыр. Яғни, ең қажетті саналатын ұн, сұйық май, вермишель, картоп, пияздың бағасы өспеуі үшін сауда орталықтарына мемлекеттен қолдау көрсетіліп отыр.

Осыған орай Амандық Ғаббасұлы аудан, қала әкімдеріне арнайы тапсырма жүктеді.

– Алдағы аптада әрбір әкім «Nur Otan» партиясының өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен, қоғам белсенділерімен бірге келісім-шарт жасалған сауда орталықтарына барып, азық-түліктің бағасы өспегенін және жеткілікті екендігін тексеріңдер, – деген облыс әкімі бұл бағыттағы бақылау тоқтамайтынын ұғындырды. – Әсіресе, белгіленген 19 түрлі азық-түліктің тоғызына қойылған нақты баға еш өспеуі тиіс. Бұл мемлекет тарапынан арнайы қолға алынып отырғанын жергілікті халыққа жеткізіңдер. Ертең сұрағанда аудан орталықтарында қандай сауда орындарымен келісім-шарт жасалғанын, қажетті азық-түліктің жететін-жетпейтінін, дүкендер мен сауда орталықтарының қай кезге дейін жұмыс істейтінін білмей, ұятқа қалмаңыздар. Осының бәрін қадағалау бір сәтке де тоқтамайды. Сонымен қатар, облыс аумағындағы 127 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны төтенше жағдайға байланысты жұмысын тоқтатып, мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Соған байланысты аудан, қала, ауылдық округ әкімдері өздеріне қарасты жерде не болып жатқанын жақсы білуі тиіс. Өйткені, әлдеқандай арандату әрекеті шыға қалған жағдайда мәселе күллі әлемге әлеуметтік желілер арқылы таралып кетеді. Осының бәрі ескерілуі керек.

Облыстық штабтың отырысында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов Жетісу жеріндегі төтенше жағдайға байланысты тынымсыз жұмыс істеп жатқан денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне қосымша үстемақы төленгендігін, облыстағы медицина қызметкерлері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылғанын, атап айтқанда, медициналық бетперде, арнайы киім, қолғап сынды аса қажетті құралдар жеткілікті.

Одан бөлек, мемлекеттен төленетін 42 мың 500 теңгенің өтемақысын облыста 96 мың 801 адам алып үлгерген. Бұл тізім алдағы уақытта толыға түсетінін жеткізген орынбасарына облыс әкімі барлық салалардың жұмысы жандануы керектігін ескертті. Әсіресе, интернетпен толық қамтылмаған Кербұлақ, Көксу, Қарасай аудандары мәселені толық шешуі қажеттігін еске салды. Себебі, қашықтықтан білім алуға байланысты студенттер төбе-төбеден интернет желісін іздеп, сабылып жүргені әлеуметтік желілердің сүйікті тақырыбына айналған.

Осындай келеңсіздіктер болмас үшін Амандық Баталов облыс аумағындағы бекеттер төтенше жағдай аяқталғанға дейін толассыз жұмыс істеуі керектігін, онда жұмыс істеп жатқан қызметкерлер қажетті нәрселермен қамтылуы тиістігін, көшелерде бейсауат жүрісті тоқтату үшін полиция қызметкерлері тексеру, қадағалау жұмыстарын күшейтіп, той-томалаққа, құдалыққа келушілерді облыс аумағынан кері қайтаруы керектігін, басқа өңірлерден оралған облыс тұрғындарын дәрігерлердің бақылауына беруді, көлік қозғалысын азайтып, аудандар арасында жөнсіз жүруді тоқтатуды тапсырды. Қажет болса лайықты жаза беру қажеттігін, мұндай шаралардың бәрі облыс тұрғындарының денсаулығы үшін жасалып отырған қадам екендігін ескертті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы