ТЕКЕЛІДЕ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КЕШЕН ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫ ЖАҢАДАН ОРНАТЫЛАДЫ

Уақыты: 18.09.2020
Оқылды: 990
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті және «Текелі энергетикалық кешені» ЖШС қызметкерлері алпыс жылдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан энергетикалық кешен мен Шажа өзенінің бойындағы су тасымалдайтын нысанды аралады.

Әуелі Текелі энергетикалық кешенінде болып, ол жерде орналасқан  қуаты 12 МВт болатын екі АТ-12-35 және АК-12-35 турбоагрегаттың қызметін көрді. Мұндағы БКЗ-75-39 ФБ маркалы үш қазандықтың екеуі қыс мезгілінде жұмыс істейді, біреуі қосалқы қызмет атқарады.

Биыл жалпы құрал-жабдық, керек-жарақтарды жаңалауға шамамен 22 млн.теңгеге жуық қаржы бөлінген. Мәселен, 10 млн.теңге бөлінген электрқозғалтқыштың бірі 1981 жылдан бері істеп келе жатқан құрылғының орнын алмастырмақ. Елімізде жасалмайтын кей құрал-жабдықты Ресейден қазан айына дейін алып келу жоспарланған. Ал қазанда толығымен іске қосу көзделген. Егер бәрі толығымен жұмыс істейтін болса, онда жылыту маусымында қауіпті жағдай мен апатты сәттің сирейтіндігі анық. Бұл экономикалық тұрғыдан да үнемділікке алып келеді.

Сөз арасында «Текелі энергетикалық кешені» ЖШС бастығы Арман Отарбаев су тасымалдайтын жерасты құрылғыларының жаңаратынын жеткізді. Қазіргі таңда бұл бағытта да сапасы жақсы құбырларды сатып алу жоспарланып қойған.

Серік ҚАНТАЙ

Текелі қаласы

Алматы облысы