АУЫЛДАРДЫ ОРТАЛЫҚ СУ ЖҮЙЕСІМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЗ ПАЙЫЗҒА ЖУЫҚТАДЫ

Уақыты: 01.11.2020
Оқылды: 818
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ басшылығымен селекторлық кеңес өтті. Онда халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ел тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламаларын іске асыруға жыл сайын орта есеппен жүз миллиард теңге бөлінетіндігін атап өтті. Соның арқасында бүгінде қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік 97,2, ауылдарда 86,4 пайызды құрайды.

Бұл мәселе Алматы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы ауылдарда толықтай шешілген. Бұл облыстарда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу 98,8 пайызды құрайды.

Бүгінде 53 қаланың кәріз жүйелерін салуға, қайта жаңартуға 328,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, 12 қалада жаңа ірі жобалар дайындалуда. Олардың құрылысы 2021 жылы басталады. Жобаларды іске асырудан күтілетін нәтиже – аймақтардағы экологиялық ахуалды жақсарту және ағынды суларды тазарту. Жиын барысында Асқар Ұзақбайұлы:

– Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету – бұл мемлекеттің стратегиялық міндеті. Бағдарламаларды жүзеге асыру адамдардың өмір сүру сапасының жақсаруына тікелей әсер етеді. Әрбір әкімдіктің елді мекендерге тиісті инфрақұрылым тарту бойынша нақты жоспарлары болуы керек, – деді.

Жиында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне топтық су құбырларын басқарудың қолданыстағы жүйесін одан әрі жетілдіру, оларды салу және қайта құру жобаларын уақытылы іске асыруды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Бұл ретте 2021 жылдың аяғына дейін 197 мың тұрғыны бар 38 елді мекенді сумен қамтамасыз етуді көздейтін үш ұзақмерзімді жобаның құрылысын аяқтау қажеттілігі айтылды.

Халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндады.

– Жұмыспен қамтудың жол картасы сабақтас салаларда 100 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жол картасының жобаларын іске асыру үшін қажетті тауарлардың, қызметтер мен жұмыстардың 90 пайызы отандық өндірушілерден сатып алынған. 19 мыңға жуық бизнес субъектісі 488 млрд.теңге сомасында тапсырыс түрінде қолдау алды, кемінде 114 мың жұмыс орнын  сақтап қалды, – деді ол.

Бұл мәселе бойынша Премьер-Министр Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жұмыспен қамтуды қолдау шаралары қарқынды жүріп жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, еліміздегі барлық өңірлерге жол картасының жоспарланған мақсаттарына қол жеткізу бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы