АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ӨТКЕН ЖӘРМЕҢКЕГЕ ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 31.10.2020
Оқылды: 1291
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорғанда көптен сағындырған жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеге Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы келіп, сөрелерді аралап, жұртпен жүздесіп, игілікті іске табыс пен сәттілік тіледі.

– Осындай қиын-қыстау жағдайда тұрғындардың талабын ескеру басты міндетіміз. Жәрмеңкеге жеткізілген тауарлардың сапасы жақсы, бағасының да қолжетімді екендігі көрініп тұр. Жан-жақтан ағылып келіп жатқан тұтынушылардың да қарасы көп. Осы ретте бұл жәрмеңкені ұйымдастырған облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан, қала әкімдіктеріне ризашылық білдіремін. Әрі алдағы уақытта да жоспарлы түрде өткізуді ұсынамын. Өйткені, өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді шара қолдау тапқаны жөн, – деді Амандық Баталов.

Десе де, Қадырғали Жалайыр көшесінің бойындағы жәрмеңке өткен аумақтың тарлығы облыс басшысының  көңілінен шықпады. Алдағы уақытта жәрмеңкені Д.Қонаев көшесінің бойындағы тынысы кең жерге орналастыруды тапсырды. Өйткені, жәрмеңкеге өнімдерін шығарған сатушылар мен келушілерге қойылған басты талап – санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы.

Жәрмеңке орналасқан жерге кіретіндерге облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары қорғаныш құралдарын, яғни, бетперде тағу, қолғап кию, санитайзердің болуын және әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын қадағалап отырды. Еріктілер тегін бетперде таратып жүрді.

Осындай жақсы дайындықпен өткен күзгі жәрмеңкеге облыстың 17 ауданы мен 3 қаласынан және «Жетісу» ӘКК-ден жалпы салмағы 259,5 тоннаны құрайтын 50-ден астам ауылшаруашылық өнімі жеткізіліп, нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан сатылды. Атап айтсақ, жәрмеңкеде 41,7 тонна ет, 21 тонна сүт, 5,4 тонна балық өнімдері, 77,7 тонна көкөніс, 16,1 тонна жеміс-жидек, 33,5 тонна картоп, 69,3 тонна өзге де ауылшарушылық өнімі саудаланды.

– Биылғы жағдайда өнімін сата алмай қиналып қалған шаруаларға ауылшаруашылық жәрмеңкелері көп қолдау болды. Нұр-Сұлтан қаласында Алматы облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, 400 тоннадан астам өнім жеткізіліп, 360 млн.теңгенің өнімі сатылды. Алматы қаласында өткен ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесіне 270 тоннадан өнім жеткізіліп, 160 млн.теңгенің өнімі саудаланды. Бүгін үшінші рет облыс орталығындағы жәрмеңкеде 260 мың тоннаны құрайтын 50-ден аса өнім саудалануда. Жәрмеңке алдағы уақытта да өтеді, – деді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Мақсұт Жапаров.

Қала тұрғындарының айтуынша, маусымдық жәрмеңкелерді өткізу – жақсы үрдіс, әсіресе, азық-түлік түрлерінің көптігі және олардың төменгі бағада сатылып жатқандығы тұрғындардың көңілінен шығады.

– Бүгінгі ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесі көңілімнен шықты. Өнімдер экологиялық таза болғандығымен қызықтырды. Оның үстіне бағасы да базардағы бағадан әлдеқайда арзан. Бұл қала тұрғындары үшін көп көмек болып тұр, – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Әтіргүл Көңшебайқызы.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – шаһар тұрғындарына табиғи әрі сапалы өнім түрлерін төмен бағада ұсыну және ауылшаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруаларды қолдау. Аталмыш жәрмеңке осы мақсат үдесінен шықты деп айта аламыз. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша келесі сенбі күні де ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Талдықорған қаласында өтетін болды.

Қажет АНДАС

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы