"ҚАЙНАР-АКБ" АККУМУЛЯТОР ЗАУЫТЫНА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 01.11.2020
Оқылды: 1211
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстанда аккумуляторлық батареяларды өндіру бойынша жаңа технология іске қосылды. Алматы облысында "Қайнар-АКБ" зауытында аккумулятор батареяларын шығаратын жаңа желі салтанатты түрде іске қосылды. Жоба "Қайнар-АКБ" және халықаралық жасыл технологиялар орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды.

Іске қосылған технология өндірістің өнімділігін арттырып, жұмыс қарқынын тездетеді, сонымен бірге, өнім сапасын көтеріп, ескі батареяларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді. Аталған технологияның көмегімен аккумулятор корпустарының жаңа үлгілері толығымен қайталама шикізаттан жасалатын болады. Ол итальяндық "ИНЖИТЕК" өндірісінің жаңа заманауи желісінде қайта өңделеді. Электролит өндірістік тазарту құрылғысының көмегімен толық бейтараптанады.

Жаңа технологиялық желі экологиялық талаптарды орындай отырып, қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді. Өйткені, желі тұтастай жергілікті тазарту сүзгілерімен толық жабдықталған. Сонымен қатар, жаңа желінің іске қосылуы өндіріс қуатын жылына 3,7 млн.аккумуляторлық батареяға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта зауыт жылына 2.5 млн.дана аккумулятор батареясын шығарады.

Осы ретте қайта өңдеу кәсіпорындарының бірін жаңғырту «ӨКМ (өндірушілерге кеңейтілген міндеттемелер) операторы» ЖШС қаржылық қолдауының арқасында жүзеге асып отыр. Аталған ұйым жыл сайын жарамсыз аккумуляторларды қайта өңдеп, керекке жарату, ортаны ластамау бағытында жыл сайын ірі кәсіпорындарға қаржылық қолдау танытып келеді. Осы жоба аясында «ӨКМ (өндірушілерге кеңейтілген міндеттемелер) операторы» ЖШС 2016-2020 жылдар аралығында «Қайнар-АКБ» зауытына 4 млрд.теңгеден астам қаржы бөлді. "Қайнар-АКБ" зауыты пайдаланылған аккумуляторларды жинау, қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін оператордан өтемақы төлемдерін алады.

Осындай игілікті жұмыстардың нәтижесінде «Қайнар-АКБ» өндірген өнімді өткізу ауқымын кеңейтіп, Біріккен Араб Әмірліктері мен Италия нарығына шықты. Олар алдағы уақытта Қытай және Еуропа нарығын игеру үшін өнімнің сатылу мөлшерін 3.7 млн.данаға дейін ұлғайтып, стартерлік және стационарлық батареялардың жаңа түрін жасап шығаруды жоспарлап отыр.

Қажет АНДАС

Алматы облысы