ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНДА

Уақыты: 21.06.2021
Оқылды: 1192
Бөлім: САЯСАТ

Отыз жыл бұрын Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, қуаныштан бөркімізді аспанға атқан едік. Көзді ашып-жұмғанша ширек ғасыр өтіп, талай белесті артта қалдырдық. Дамудың даңғыл жолына түсіп, әлем елдерімен иық тіресетін деңгейге жеттік. Тәуелсіздік алған тұста қорқыныштың болғаны рас. Алайда, қазақ халқына тән береке-бірлік, ынтымақтың арқасында жаңарған Қазақстан мемлекетін құрдық. 

Азаттығымызды айшықтау үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, маңызды қадамдарға бардық. Солардың әрқайсысы жемісін берді. Көпұлтты ел ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тың бастамаларының бірі әрі бірегейі. Құрылғалы бері 25 жыл ішінде ұлттық саясатты жандандыруға және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде көш бастап келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: – «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшылардың елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды», – деп  Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына жоғары баға берді. Осы мақсаттағы жұмыстар жаңа сипатта қарқын алып, дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін бірлесіп еңбек етудеміз.

Қазақ халқы көптеген қиындық көрді. Ашаршылық, репрессия, соғыс секілді адамзаттың басына төнген қатер халықтың қабырғасын қайыстырды. Сондай кедергілердің барлығын артқа тастап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнаттық. Бұдан кейін де барлығымызға жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан ел ертеңі үшін аянбай еңбек етуіміз керек.

Людмила Хочиева,
Алматы облысының Құрметті азаматы