ТАЛДЫҚОРҒАНДА "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҚ ФРАКЦИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Уақыты: 16.02.2021
Оқылды: 1235
Бөлім: МІНБЕР

Алматы облысы мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Басқосуға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов, облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев және облыстық фракция мүшелері қатысты. Жиынды «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева ашып, жүргізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жиында «Nur Otan» партиясы Алматы облысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының жобасын талқылау, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясы мүшелерінің жеке жұмыс жоспарларын бекіту және депутаттық фракция жанынан құрылған тұрақты комиссияның  жұмыс жоспарын бекіту жайындағы мәселелер қаралды.

Басқосуда облыстық мәслихат жанындағы экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Асқар Сүлейменовке сөз берілді.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оны мүлдем жою бағытында мемлекеттік органдармен бірлесіп іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мемлекеттік қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 90 пайызға дейін арттырамыз. Облыс тұрғындарының өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 5 жыл ішінде 30 патрульдік автокөлік сатып алынады. Сонымен қатар, тұрғын үймен біріктірілген 39 учаскелік полиция пункт салынады, – деді ол.

Бұдан кейін сөз облыстық мәслихат жанындағы денсаулық сақтау, білім, халықты әлеуметтік қорғау және мәдениет мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрайымы Римма Салықоваға берілді. Ол облыс тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық мәселелері, аз қамтылған отбасыларын баспанамен қамту жайына тоқталды. Алдағы бес жылда 31,3 мың адамға тұрғын үй салу үшін жер берілетінін айтты.

Депутаттың айтуынша, 2025 жылға дейін 24680 оқушыға арналған 40 мектеп салынады. Сонымен қатар, білім саласының 101 нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Депутат Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мәдени шаралардың да жоспары жасалғандығын айтты. Бұл орайда, игі бастамалардың орындалуын халық қалаулыларының назарда ұстайтынын айтты.

Халық қалаулылары бас қосқан жиында облыс әкімі Амандық Баталов сөз алып, облысты дамытудағы алдағы жоспарларымен бөлісті. Астық алқабын кеңейту, суармалы жерді дұрыс пайдалану, ирригацияға қаржы бөлу бойынша Үкімет алдында көтерген мәселелері жөнінде айтты. Сондай-ақ, Нарынқол, Сарыөзек, Ұзынағашта жаңа емхана салынатынын жеткізді. Алакөлдің тазалығын сақтау үшін сүзгі қою, аталмыш көл жағасынан балаларға арналған демалыс орнын салу жайындағы бастамалардың тиімділігін сөз етті. Қызылағаш су қоймасына су жиналып қалғанын, енді біраз уақытта нысанның пайдалануға берілетінін қуанышпен жеткізді. Оған дейін астық алқаптарын пайдалануға дайындау, жер игеретін инвесторлармен жұмыс істеу барысына тоқталды. Облыстың алдағы уақытта 7 бағыт бойынша жұмыс жасайтынын да еске салды. Оны жақында халық алдындағы есепті жиналыста таратып айтпақшы.

Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы пандемия кезінде елді әлеуметтік жағынан қолдаған, тұрмысы ауыр отбасыларға баспана әперу барысында азаматтық танытқан халық қалаулыларына алғыс айтты.

– Биыл ерекше жыл. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлаймыз. Ақын Әміре Әрін бұл орайда тарихи кітаптар шығарсақ деген ұсыныс айтты. Дұрыс, кітап арқылы өткен күндер тарих болып қалады. Қаржыны осындай рухани дүниеге жұмсауымыз керек. Кітап шығарамыз. Облыс орталығының құрылғанына 20 жыл. Оны да атап өтеміз, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Жиын соңында депутаттар жергілікті жердегі өзекті мәселелер жайында айтты. Оны шешу жөнінде жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы