ЖАҢАРУ ЖАРШЫСЫ – БІЛІМДІ ЖАСТАР

Уақыты: 23.02.2024
Оқылды: 470
Бөлім: МІНБЕР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Президенттік жастар кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу. Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз», – деген болатын. Тең мүмкіндік, әділдік, ашықтық ұғымдары ең алдымен жас буынның кедергісіз келешегін қалыптастыруға негізделген. Президентік жастар кадр резерві соның дәлелі. Бойында қайраты бар, алға қойған мақсаты айқын, жалындаған жастардың дамуына зор үлес қосып келе жатқан Президенттік жастар кадр резерві жұмысының нәтижесі өз жемісін беруде. Оның қатарында жетісулық жас, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, облыс әкімі аппаратының басшысы Сәкен Түкібаев та бар. Олай болса, ел жаңаруының жаршысы қатарындағы білікті де білімді мемлекеттік қызметкермен болған арнайы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Сәкен Ғалымұлы, бір кездері Алаш арысы Мағжан сенген жастарға бүгінгі таңда Мемлекет басшысы да ерекше үміт артып отыр. Жақында ғана Президенттік жастар кадр резерві форумы өтті. Мемлекеттік қызметке осы бастама арқылы келген кадр ретінде тәжірибеңізбен бөліссеңіз.

– Жастар – елдің болашағы. Сондықтан біз сенімге селкеу түсірмей адал әрі ашық қызмет етуге бар күш-жігерімізді, біліміміз бен біліктілігімізді арнаймыз деп толық айта аламын. Талантты, білімді де білікті жастардың басын қосқан жастар кадр резерві өте жақсы нәтиже беріп келеді. Мысалы, 2019 жылы елімізді өркендетуге 13 мың жалынды жас қызығушылық білдірді. Бекітілген арнайы талаптар мен ережелерден сүрінбей өткен 300 жас мемлекеттік қызметкер бүгінде әр салада жемісті қызмет етуде. Жалынды жастардың басым көпшілігі «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендер болды. Еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, мемлекеттік қызметте, болмаса басқа квазимемлекеттік секторларда қызмет көрсетіп жүргендер де аз болған жоқ.

Мен үшін бұл жоба өте тиімді болды. Резервке іріктеуден өтер кезде экономика басқармасында бөлім басшысы лауазымында қызметте жүрдім. Барлық құжаттарымды реттеп, жастар кадр резервіне үміткер болып қатыстым. 2019 жылдың 25 жетоқсанында нәтиже шықты. Араға 2-3 күн сала еліміздің әр өңірінен жұмысқа шақыру жөнінде ұсыныстар келді. Ең бірінші Ұлттық экономика министрлігінен қоңырау түсіп, олар Алматы қаласындағы монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары лауазымына жұмыс ұсынды. Бірден жоғары лауазымдық қызмет ұсынылғанда аздаған қорқыныш әрі жауапкершілік жүгінің ауыр екенін сезіндім. Шешім қабылдау, әрине, оңай болған жоқ. Алдыңғы буын ағалардың ақылын тыңдап, кеңесіне құлақ түріп өскен баламыз ғой. Бірден үлкендердің кеңесіне жүгіндім. Аға буын мемлекеттік қызметте сатылап өсудің маңыздылығын, болашағымнан мол үміт күтетіндерін айтып қанаттандырды. Сөйтіп, бірнеше ұсыныстың ішінен Ұлттық экономика министрлігіндегі активтерді басқару департаментінің орынбасары қызметін қабыл алдым. Бұйрық шығып, сол қызметке ауыстым.

Жаңа жұмыс орнымда бар күш-жігерімді, білімімді арнап қызметке кірісе бергенімде небәрі бір айдың ар жақ, бер жағында маған Үкіметтен тағы бір ұсыныс түсті. Білім алған оқу орным, мамандығым, еңбегімнің жемісі дәл солардың бағытындағы қызметке сәйкес болғандықтан қызмет жолым Үкіметте өңірлік инспектор болып жалғасты. Бұл сала мемлекеттік қызметте көп тәжірибе жинақтауыма үлкен септігін тигізді.

Екі жылдық қызметте барлық облыс әкімімен, аппарат басшысымен тікелей жұмыс істедік. Өзіме бұл жұмыс өте қатты ұнады. Мемлекеттік аппарат жұмысының маңыздылығын терең түсіндім. Сөйтіп жүргенде Түркістан облысы экономика басқармасы басшысының орынбасары қызметіне ұсыныс түсті. Ойланбай киелі мекенге атбасын бұрдым. Себебі мен ендігі еңбек жолымды өңірлік жерде жалғастыруды дұрыс деп санадым. Себебі біз кез келген жерде, кез келген ортада өзіміздің қаншалықты білімді, білікті қызметкер екенімізді көрсете алуымыз керек. Жарты жылдай жемісті қызмет еттік деп ауыз толтырып айтуға болады.

Үлкен идеяларды іске асыруды қолға алып жатқанымызда Алматы облысы екіге бөлінді. Кіндік қаным тамған киелі мекенімнен қызметке шақырту түскенде ойланбастан Жетісуыма келдім. Жаңадан құрылған облыстың туризм басқармасына басшылық еттім. Осы тұста өзіме артылған жауапкершілік салмағының ауыр екенін екі есе сезіндім. Жер жаннаты Жетісудың туризм саласындағы түрлі мәселелерді көтеріп, жемісті еңбек еттік. Істеген ісімнің нәтижесі басшылықтың назарына ілінсе керек, мені облыс әкімінің аппараты басшысының орынбасары қызметіне шақырды. Бір жыл осы саланың қыры мен сырын терең меңгердім. Биыл облыс әкімі аппаратының басшысы қызметіне тағайындады.

Облыс басшылығы меритократия қағидатына сүйене отырып, жас, талантты, білімді, білікті мамандарды лауазымды қызметке тартуда үлкен жұмыс жүргізіп келеді. Біздің облыстағы жастардың беталысы өте жақсы. Мәселен, мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдағы ең жас қызметкер 30 жаста. Биылдың өзінде Президенттік жастар кадр резервіндегі 400 жастың 70 пайызы жұмыспен қамтылғанын айтты. Қазір еліміздің әр өңірінде, министрлікте, Үкіметте жастар кадр резерві бойынша қызметте жүрген мемлекеттік қызметкерлер саны көп. Жалынды, рухты, білімді, парасатты  жастардың көш бастап жүргені қуантады.

Жалпы, қызметте жауапкершілікті қаншалықты сезінесіз? Сіз үшін облыс әкімдігінің аппарат басшысы қызметінің ерекшелігі қандай?

Жауапкершіліктің жүгі өте ауыр. Дәл осы лауазымға келгелі жауапкершілікті терең сезіндім. Аппарат басшысы болғандықтан біз ең бірінші кадр мәселесіне қатты мән береміз. Егер аппараттың кадрлық қызметкерлері мықты болса онда еңбек те өз нәтижесін береді. Мысалы, 2023 жылы экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Жетісу облысы республика бойынша алдыңғы орыннан көрінді. Мұндай жетістікте, әрине, әрбір кадрдың еңбегі ерен деп айтуға толық негіз бар. Маған берілген ең басты тапсырманың бірі де осы білікті де білімді, көшбасшылық қасиеті жоғары кадрларды жасақтау. Осы жолда тынбай еңбек етіп, облыстың, еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгеміз.

– Жуырда жастар кадр резервіне аймақтық іріктеу басталады. Президент оның әділ әрі ашық өтуін аймақ басшыларына тапсырды. Шынымен де ашық, әділ өтуі үшін қандай талаптар мен қадағалаулар болады?

– Мен іріктеуден өткен кезде барлығы 100 пайыз әділ өтті деп айта аламын. Алғашқы құжаттарды тапсыру кезеңдері онлайн форматта өтті. Мұнда адами фактор әсер етпейді. Барлығы жастардың біліміне тікелей байланысты. Ал кейінгі кезеңдері Астана қаласында офлайн форматта өтті. Онда әрбір жасқа  жеке нөмір берілді. Әрбір резервшіге жауапты адам бекітіледі. Бағалауды да сол нөмір арқылы жүзеге асырып отырды. Ең соңғы Ұлттық комиссия отырысында Президент Әкімшілігіндегі аппарат басшысынан бастап орынбасарлары, Мемлекеттік қызмет агенттігінің басшысы тікелей тапсырма береді. Өзекті тақырыпта жоба ұсынады. Жобаны қорғап шығу керек. Бұл тапсырма жастардың көшбасшылық қасиеттерін анықтап қана қоймай сөз саптауын, ұжыммен тіл табыса білу деңгейін де анықтайды. Жақында 1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірінде, республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік кадрлық резервтеріне іріктеу басталады. Іріктеуге 35 жастан аспаған жоғары білімді және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар ҚР азаматтары қатыса алады. Іріктеу жұмысы индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру және экология бағыттары бойынша жүзеге асырылады. Бұл жерде де адами фактор әсерін тигізбейді. Ал  «Құзыреттерді бағалау» деп аталатын үшінші кезеңі Астана қаласында Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды. Соңында облыс әкімі бастаған комиссияның құрамы – Мемлекеттік қызмет агенттігінің Жетісу облысы бойынша департамент басшысы,  аппарат басшысы, ревкомиссияның мүшесі, мәслихат төрағасы облысқа 15 білікті маманды таңдап алады. Демек, мұнда бармақбасты, көзқыстылық әрекеті жүзеге аспайды. Ашық, әділ мемлекеттің жүйесін біз өзіміз қалыптастыруымыз қажет.

–  Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастырған жөн екенін айтып, гендерлік саясатты мемқызметке тарту мәселесін де көтерді.  Біздің облыста гендерлік саясат қаншалықты жоғары?

Иә, Мемлекет басшысы қазір мемлекеттік қызметте мықты сала мамандарының белгілі бір дәрежеде жетіспейтінін атап өтті. Сондықтан өңірлік резервке мемлекеттік қызметкерлерді ғана емес, жеке сектордан табысты адамдарды да іріктеу қажет. Негізі, жеке секторда талантты маман көп, олар креативті, тың идеяларға бай. Бірақ мемлекеттік қызметтегі жалақы бәсекеге қабілетсіз болғандықтан басқа салада жүр. Тіпті, резервке қосылып, жеке секторда жұмысын жалғастырып жатқан резервшілер де бар. Осы мамандардың елжандылық пен мемлекеттік қызметке деген құлшынысын оятып, баурап алатын болсақ, олар туған жерді одан әрі дамытуға көптеген идея әкеледі. Мемлекет басшысы атап өткендей, жақын арада мемлекеттік қызметте жеке сектормен бәсекеге қабілетті жалақы болады деп ойлаймын. Ал гендерлік саясатқа келер болсақ, мен мұны толық қолдаймын. Алайда біздің облыста мемлекеттік қызметте жүрген ер адамдардың көрсеткіші жоғары. Облыстық қаржы басқармасының басшысы әйел адам. Сонымен қатар, әр басқарманың бөлім басшылары, жалпы мамандардың басым көпшілігі нәзік жандылар. Тиянақтылыққа, жауаптылыққа келгенде, әрине, әйел затының жауапкершілігі мол екені заңдылық. Болашақта мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейтеміз. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік жасаймыз.

Ескі Қазақстаннан қалған жаман әдеттің бірі  «командамен көшу» үрдісі әлі тыйылмай отырғаны да шындық. Осыған орай Мемлекет басшысы қатаң ескерту жасап, мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қоюды тапсырды. Осы жағымсыз әрекеттен арылу біздің аймақта қаншалықты жолға қойылған?

Өте орынды сұрақ. Командалық қозғалыстың бұрын көп болғанын жасыра алмаймыз. Ал қазір ол үрдіс біршама азайды. Қазір мұндай «жүйенің» құлдырауына әлеуметтік желі де өз пайдасын тигізді. Мысалы, біздің облыс әкімі Бейбіт Исабаев таныс, тамыр, ағайындас деп маман алмайды. Ол кісі жұмыс істейтін, жауапкершіліктен қашпайтын мықты мамандардың басшылықта болғанын қалайды. Біздің облыста тек адал еңбек еткен адамның жұмысы жоғары бағаланады.  

Басшылық қызметке маман ұсынуда біз Президент Әкімшілігімен келісеміз. Ресми түрде хат жолдаймыз. Олар қызметкердің білімін, біліктілігін, тәжірибесін зерттеп, қызметкермен сұхбаттасып, өз келісімдерін береді. Жалпы, қазір еліміздің барлық өңірінде таза еңбекті бағалап, адамның біліктілігіне қарау принципі қатты ұсталынады деп айта аламын. Оны қалың жұртшылық та жақсы біліп отыр деп ойлаймын.

ХХІ ғасыр ақпарат пен жаңа технологиялар ғасыры. Біздің облыста жаңа технологияны игеру қаншалықты дамып келеді? Нендей жаңалықтар бар?

Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында «Қазақстанды IT-елге айналдыруымыз керек» деген болатын. Жалпы, облыс әкімінің аппараты цифрландыруды белсенді қолдануда. Мысалы, құжат айналымын жою және азайту үшін біз «Documentolog» бағдарламасын қолданамыз. Құжаттардың 95 пайызы электронды түрде қабылданса, қалған 5 пайызы қызметтік мақсаттағы хаттар. Әрбір қызметкер пайдалана алатын «AI протокол» бағдарламасы да бар. Онда Мемлекет басшысынан бастап әкім орынбасарларына дейін барлық бұйрық орындалады. Ал біз бұл тапсырманың барлығын электронды түрде түсті гамма арқылы көреміз. Жұмыстың қаншасы орындалған, орындалмаған, мерзімі өткені туралы толық ақпарат бар. Бұл деректерді пайдалана отырып кім не істеп жатқанын көре аламыз. Біз осы бағдарламамен жұмыс істеп, бәрін ретке келтіре бастадық.

Қазіргі уақытта толтыру сатысында тұрған электронды портал да қолданылады. Бұдан біз облыстағы барлық жағдайды, әр аудан бойынша барлық экономикалық көрсеткіштерді көре аламыз. Мысал ретінде ауылшаруашылығы жерлерін пайдалануды келтіре кетейін. Кейбір шаруа қожалықтары жерді мақсаты бойынша пайдаланса, басқалары мүлде пайдаланбайды. Аудандық әкімдіктер өз ауданын, өз аумағын қадағалап, осы бағытта заңбұзушылықтарды байқаса дрон арқылы бейнекамераға түсіріп, порталға орналастырады. Облыс басшылығы порталға кіріп, видеоны көре алады. Нәтижесінде тиісті қорытындылар жасалып, шаралар қабылданады. Тұрғындармен озара әрекеттесу үшін «Е-өтініш» аққараттық жүйе арқылы азаматтар өз өтініштерін Президенттен бастап басқарма басшыларына, кез келген мемлекеттік органға тікелей жолдай алада. Артиллериялық жүйенің артикуляциясын өзгертудің қажеті жоқ. Порталда өтініштің нақты мемлекеттік органда кай кезде екенін толық бақылауга болады.  

Мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілерге тәлімгер қаншалықты қажет? Сізде тәлімгер болды ма?

– Жалпы, жас мемлекеттік қызметкерге тәлімгер қажет. Тәлімгер қызметшіге таңдаған мамандығын игеруге көмектеседі. Оған қызметтік міндеттерді түсіндіріп, сапалы орындаудың әдістері мен тәсілдерін көрсетеді. Оны ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысуға тартады, салауатты өмір салтын жүргізуге үгіттейді, жалпы мәдени және кәсіби зерденің дамуына көмектеседі, патриотизмге тәрбиелейді. Сонымен қатар, қажеттілік болған жағдайларда қызметші жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшенің басшысына оған тәрбиелік және тәртіптік әсер ету шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгізе алады. Осылайша қызметшінің бейімделу жоспарын орындауына күнделікті бақылауды жүзеге асырады және тәлімгерлік бойынша жұмыс жағдайы үшін жауапты болады. Яғни, тәлімгерге үлкен жауапкершілік артылады. Алғаш 2015 жылы экономика басқармасына қызметке орналасқанымда бөлім басшысы болған, қазір экономика басқармасының басшысы Рауан Дауталинов  менің мықты маман болып қалыптасуыма зор үлесін тигізген тәлімгерім. Ол кісіге айтар алғысым шексіз.

 Жас болсаңыз да маңызды әрі жауапты лауазымдық қызметті атқарып келесіз. Жас мамандарға қандай кеңес айтасыз? Мемлекеттік қызметтегі басты ұстанымыңыз қандай?

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Сондықтан бізге артылған сенім, жауапкершілік көп. Мемлекеттік қызметшілерге арналған түрлі байқау өткізілсе соның бірінен де қалмауға тырысатынмын. Мұнда жеңіс те, жеңіліс те болды. Бірақ мен жеңілгеннен қорықпауды үйрендім. Есесіне кеткен кемшілікпен барынша жұмыс істеп, кем-кетіктің орнын толтырдым. Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мен еліміздің үздік мемлекеттік қызметшілерін анықтауды көздейтін республикалық «Үздік мемлекеттік қызметкер» конкурсына қатысып, бірінші кезеңнен де өтпей қалдым.  Бірақ 2018 жылы  облыстық «Көшбасшы» байқауынан «Үздік мемлекеттік қызметкер» жүлдесін алдым. Адам өзі көздеген межеге жетпейінше шаршамау керектігін түсініп, 2019 жылы республикалық байқауға тағы қатыстым. Үздік мемқызметкер ретінде финалға өттім. Бірақ жеңімпаз болу бақыты бұйырмады. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, Президенттің жастар кадр резервіне  95 пайыз дайын болдым. Өзіме деген сенімділігім артып, сол жылы жастар кадр резервіне өттім. 2023 жылы республикалық «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі»  байқауына тағы қатысып, жеңімпаз атандым.

Адамда төзімділік, жауапкершілік, ынта-жігер басым болса, ол міндетті түрде өз мақсатына жетеді. Мемлекеттік қызметтегі басты ұстанымым – адал болу, дұрыс шешім қабылдау, елге қызмет етуде өзіндік із қалдыру.

– Әңгімеңізге көп рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан Еңлік КЕНЕБАЙ  

Фото: gov.kz