ДЕПУТАТТЫҚҚА ҮМІТКЕРЛЕР КӨПТІ КӨРГЕН ҚАРИЯНЫҢ БАТАСЫН АЛДЫ

Уақыты: 05.01.2021
Оқылды: 1436
Бөлім: МІНБЕР

Ақсу ауданына ат басын бұрған қоғам белсендісі, «Nur Otan» партиясынан ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер Әлия Әбсеметова мен облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер осы ауданның Құрметті азаматы, өмірін аудан экономикасының дамуына арнаған Кеңесбек Байдалиннің шаңырағына барды. Үміткерлердің мақсаты – ел сыйлаған ақсақалдың батасын алу және партияның мақсат-міндеттерін түсіндіру.

Бар саналы ғұмырын Ақсу ауданының өсіп-өркендеуіне арнаған Кеңес Байдалин – балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғысқа дөп келіп, ел басына түскен нәубетті, мамыражай сәттерді көзбен көріп, көкірекпен сезген тұлға. Одан бөлек, өскелең ұрпаққа бағыт беріп, жөн сілтеп отыратын ақсақалдығы тағы бар. Елге сыйлы азаматтың шаңырағына барған үміткерлер Кеңес Байдалиннің келелі әңгімесін тыңдады.

Әлия Әбсеметова «Nur Otan» партиясының өткені, бүгіні және келешегі жайлы баяндады.

– Шыны керек, партия қашанда қазақстандықтардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасап келеді. Әлемді жайлаған пандемия кезінде аз қамтылған, көп балалы отбасыларға 50 мың теңгеден жәрдем берді. Бір емес, жеті мәрте. Міне, халық партияның осындай игілікті істерін біледі. Ана, қоғам белсендісі, ұлт жанашыры һәм журналист ретінде партияның жұмысына елдің көңілі толатынын көріп, естіп жүрмін. Нақты істер партиясы сайлауалды бағдарламасында елді қиын-қыстау сәтте өрге сүйреуді мақсат еткен. Қазақ «балам – болашағым» деп өмір сүреді. Балаларымыздың, яғни жастардың баянды өмір сүруі үшін алдағы бесжылдықта бар жағдайды жасамақ, – деген ол облыста жастардың патриоттық тәрбиесіне, бос уақытын ұйымдастыруға, рухани-адамгершілік, азаматтық-құқықтық және дене шынықтыру деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды өткізіп келе жатқан 21 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейтінін айтты. - Сол орталықтардың күшімен жастардың мәселесін шешуді көздеп отырмыз. Нақты айтқанда, жыл сайын 2 мың жас «Жасыл ел» арқылы мезгілдік жұмыс атқарады. Сондай-ақ, 3,5 мың жас кәсіпкерлік оқудан өткізіліп, олардың кәсіп ашуына, сол арқылы өз болашақтарын қалыптастыруына жағдай жасалады. Студент жастарды жүйелі біліммен қамту үшін олардың жатын орны маңызды рөл ойнайды. Алдағы бесжылдықта өңірдің 8 колледжіне 1968 орындық студенттік жатақхана салынбақ.

Ақсулық ақсақал партияның пайдалы ісіне, жүйелі жоспарына сәттілік тілеп, үміткерлерге ақ батасын берді. Өз кезегінде үміткерлер алдағы саяси науқанда «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырып, сайлауға белсенді қатысуға үндеді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Ақсу ауданы

Алматы облысы

(«Nur Otan» партиясы Алматы облысы Сайлау қоры қаражатының есебінен төленді. Тапсырыс беруші: Жөргенбаев Жанболат Әкебайұлы)