ШОНЖЫДА ТЕМІР-ТЕРСЕК ҰРЛАҒАН ЕКІ ЖІГІТКЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 11.03.2021
Оқылды: 1241
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ұйғыр ауданының полицейлері автопатрульдеу барысында өзгенің шаруа қожалығындағы темірлерді ұрлап, сату мақсатында Шонжыға әкелген Бахар ауылының екі тұрғынын ұстады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Тәртіп сақшылары оқиға орнында қолды болған темірлерді тәркілеп, қылмыстық іске айғақзат ретінде тіркеді. Аудандық патрульдік полицияның «313» бортының құрамындағы полицейлер Шонжы ауылын автопатрульдеу кезінде тұрысы күдік тудырған көлікті тексерген. Көліктің жүргізушісі мен оның серігі «Mitsubishi Galant» көлігіне тиелген темірлердің қайдан алынғаны туралы айта алмай, жаңылысқан.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 21-22 жастағы екі тұрғын ұсталды. Тергеу барысында олар оңай қаржы табу мақсатында белгісіз біреудің шаруа қожалығынан темір ұрлап, сатып жібергісі келгендерін мойындады. Тергеу құпиялығына байланысты, өзге ақпарат таратылмайды, - деді Ұйғыр АПБ бастығының міндетін атқарушы Игорь Калмаков.

Қос күдікті қолды қылған жарты тоннаға жуық темір-терсек тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Аталған шаруа қожалығының иелері мүлкіне қол сұққандарды дер кезінде ұстап, қырағылық танытқан тәртіп сақшыларына алғысын айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"