ШАРЫНДА СЕЛ АҒЫЗЫП ӘКЕТКЕН ҚЫЗ ҚАЛАЙ ҚҰТҚАРЫЛДЫ? ПОЛИЦЕЙДІҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 01.06.2021
Оқылды: 958
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Шарын шатқалында селмен ағып кеткен қызды іздестіру операциясына қатысқан полицей оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Құтқару жұмыстарына Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің 50-ге жуық қызметкері қатысқан. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жасөспірімді іздестіру кезінде Ұйғыр аудандық полиция бөлімі, табиғат қорғау полиция тобының инспекторы Саят Дәркенбаевқа қорықшы өзен маңында қозғалыстың байқағаны туралы белгі берген. Тәртіп сақшысы көмек шақыру үшін өз қызметтік көлігімен базаға көтерілген. Артынша тікұшақтағы құтқарушыларға қыздың орналасуы мүмкін жерді көрсете алатынын айтқан.

«Әуе көлігінен Шарын өзенінің сол жағасында, оқиға орнынан 3-4 шақырым жерде бір адамның жатқанын байқадық. Алайда ол жерге тікұшақ қона алмайтын болып шықты. Шатқал биіктігі шамамен 800-1500 метр. Ол жердің жағасы жартасты келеді. Мен тікұшақтан шатқал үсінде түсіп қалып, үш адамнан тұратын құтқару тобына рация арқылы бағыт-бағдар беріп тұрдым. Олар арқанмен өзенге қарай түсіп, жоғалған қызды жоғары көтерді. Қыздың амандығын көріп, қуаныштан ата-анасына бірден рация арқылы хабар бердім. Құтқарушы топтың өте кәсіби жұмыс істегенін атап өткім келеді. Қаршадай қыздың қараңғыда, тауда басынан не өткергенін елестету қиын. Балапан тез жазылып, өмірінде тек жақсылық болсын», - деді полиция қызметкері Саят Дәркенбай "Қазақпаратқа" берген сұхбатында.

Еске салайық, 29 мамыр күні Алматының №199 мектебінің 5-сыныбында оқитын 8 оқушы, 5 ата-ана және 3 мұғалім Шарын шатқалына саяхатқа шыққан. Шатқалда кенет сел жүріп, 2 адам мерт болды, 1 адам із-түзсіз жоғалып, тағы 6-ауы зардап шеккен еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"