ҮШТӨБЕДЕ ЗИРАТ ҚИРАТҚАН КҮДІКТІНІҢ ПСИХИКАЛЫҚ АУЫТҚУЫ БОЛҒАН

Уақыты: 30.01.2022
Оқылды: 963
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының Үштөбе зиратына вандализм жасады деген күдікті ұсталды.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, психикасында ауытқуы бар Үштөбе қаласының 34 жастағы тұрғыны зираттарды қиратты деген күдікке ілінді. Ұсталған адамның қылмысқа қатыстылығы куәгерлердің айғақтарымен және іс бойынша тағайындалған сараптаманың нәтижелерімен расталды.

Зиратты қорлау қылмысы 16 қаңтарда орын алған. 14 жерлеу орны бүлінген және қираған. Олардың металл қоршаулары қиратылып, ағаш және темір крестер сындырылған. Құлпытас жазбалары мен ескерткіш гүл шоқтары жан-жаққа шашылған. Күдіктінің әрекетінен зардап шеккен зираттар қорымның шет жағында орналасқан.

«Қайтыс болғандардың туыстарына хабар берілді. Тексеру барысында ұрлық деректері анықталған жоқ. Күдіктінің 60 жастағы анасы қала тұрғындарынан бала кезінен ауыр психикалық ауытқудан зардап шегетін ұлының әрекеті үшін кешірім сұрады. Қаратал ауданының полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабы «тағылық» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жалғастыруда. Күдіктінің психикалық жай-күйі ескеріле отырып, ұсталған адам облыстық психоневрологиялық диспансерге орналастырылды. Дерек бойынша тергеу іс-шаралары полиция департаментінің ерекше бақылауында», - делінген сайт ақпаратында.

Естеріңізге сала кетсек, ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Үштөбедегі зиратты қиратқандарды жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берген еді. «Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Үштөбе қаласындағы (Алматы облысы) православ зиратын қиратқан бұзақыларды заң жүзінде қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берілді», - деп жазды Президент желі парақшасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"