ҮЗДІКТЕР ҮКІЛЕНДІ

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1356
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Б.Римова атындағы облыстық драма театрда жиын өтті. Онда көрермендер назарына қойылым ұсынылып, ақпараттық қолдау танытып келген журналистерді марапаттады.

Осыдан он төрт жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Үкіметті, жеке секторды, бұқаралық ақпарат құралдарын және азаматтық қоғамды жемқорлық мәселесіне көңіл аудару мен оған қарсы күрес жүргізуге шақыру мақсатында желтоқсанның 9-ын арнайы белгілеп «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні» деп жариялады. Содан бері атаулы дата әлем бойынша маңызға ие болып, жыл сайын жер-жерде көптеген іш-шара өткізіледі. Облыс бойынша 65 шара қолға алынды.

Тағылымға толы қойылымда қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктер көрініс тапты. Жемқорлықтың ықпалымен отбасындағы түсініспеушілік, ұрыс-керістің жиілеуі, қаржының жетіспеушілігі мен бала психологиясының бұзылуы айшықталды. Індеттен арылудың жолдары баяндалып, жалпы халық болып күресу керектігі көрсетілді. Қойылымнан соң сахна төріне шыққан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев:

– Сыбайлас жемқорлық деген сөздің өзін осыдан бірнеше жыл бұрын айту ұят болатын. Біреуді тіміскілеп, қадағалап, артына түскен сияқты. Үлкен шаралар атқарылып, Елбасының берген тапсырмасы мен мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарламаға байланысты осы жұмыс кеңге тарап, биікке көтерілді. Сыбайлас жемқорлықтың барлығымызға қиянаты тиеді, болашаққа теріс ықпал етеді. Сондықтан барлығымыз оған қарсы іс-қимыл жасауымыз керек, – деді. Сондай-ақ, Серікбай Өрікбайұлы биыл 2000-ға жуық іс-шара өткізіліп, барлық аудан, ауыл мен елді мекендерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенді тілге тиек етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, нөлдік төзімділік орнату жолдарын алға тартты.

Кеш барысында атаулы күнге орай ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары марапатталды. «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбындағы жобалар байқауында Ялкун Исмаил жеңіске жетті. Үздік журналистік жұмыстарда қазақ редакциясынан «Үздік телевизиялық жұмыс» номинациясының жеңімпазы  Алмат Хамитов атанса, орыс редакциясынан Дина Боранбаева танылды. «Үздік баспа жарияланымының» номинациясы бойынша қазақ редакциясынан Мәулен Әнербай үздік шықса, орыс редакциясынан Ирина Карякина жеңімпаз атанды. «Үздік интернет жарияланымы»  номинациясының жеңімпазы  Хасан Еспанов болды. Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының директоры Ғалия Темірбаеваға Алғыс хат табысталды. Сол секілді бірнеше театр саңлағы мен әншілерге де Алғыс хат беріліп, қаржылай сый-сияпат жасалды.      

М. Даниярұлы.