Жаңа қағидалар қолданысқа енді

Уақыты: 18.12.2023
Оқылды: 599
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы – өз қызметін орындауда оңтайлы көзқарасты көрсететін адамдық қарым қатынастардың, мінез-құлық ережелерінің топтамасы ретінде мәдениет пен тәрбиелікке бағыт беру жолдары болып есептеледі.

Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №814 санды Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы  қабылданды.

Жетісу облысы Әділет департаменті өз тарапынан мемлекеттік қызмет этикасын түсіндіру мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Жыл басынан бері қызметкерлер арасында бірнеше рет аталған тақырыпта әлеуметтік желі арқылы  тікелей эфирлер ұйымдастырылып, арнайы мақалалар облыстық газеттерде жарияланып отырды.

Жаңа Әдеп кодексі ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі көзі.

Бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда бұл олқылықтар жойылып, мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырылып отыр.

Тағыда бір ерекшелік – мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау талабы қойылады.

Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық сынды алты қағидатқа негізделген.

Кодекстің жаңа редакциясында ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдық берілген. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Тәртіптік жаза қолдану қағидаларында қызметтік тергеп-тексеру, тәртіптік комиссия материалдарын қарау тәртібі және тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешім қабылдау мерзімдері нақтыланды.

Жалпы алғанда, негізгі өзгерістер осы бағыттарда болып отыр. Кодекске енгізілген түзетулер сервистік, ашық және халық үшін қолжетімді мемлекеттік аппараттың қалыптасуына ықпал етеді деп күтілуде және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту бағытында мемлекеттік қызметшілердің тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуы керек.

Әрбір мемлекеттік қызметші өзі­нің іс-әрекетінде заң принциптерін, Консти­­­туция талаптарын, еліміздің заңдары мен басқа да нор­ма­тивті-актілерін, жалпы қабылданған мораль­дық-этикалық нормаларын бас­шы­лық­қа ала отырып, жеке және заңды тұл­ға­лар­дың құқықтарын сақтауға, бостан­дық­та­ры мен заңды мүдделерін қорғауға тиіс.

Осы бағытта, Жетісу облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкілімен осы жылдың   желтоқсан айында департаменттің қызметкерлеріне Әдеп кодексі талаптары туралы түсіндірілді, әдеп нормаларын  түсіндіру бойынша шаралар жалғасын таба береді.

Ерлан Ахметбек,
облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары,
Әдеп жөніндегі уәкіл

Фото: egemen.kz