Сот Қайрат Сатыбалдының мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына рұқсат бермеді

Уақыты: 19.12.2023
Оқылды: 653
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сот Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты.

Сотталған Қайрат Сатыбалдының бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырылмады, – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сондай-ақ Сатыбалды 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Ол «Құрмет» пен «Парасат» ордендерінен айырылды.

Ол жазасын Шығыс Қазақстанда орналасқан ОВ-156/20 колониясында өтеп жатыр. 

2023 жылдың қарашасында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Қайрат Сатыбалдының шартты түрде босап шығуына қатысты пікір білдірді.

Теориялық тұрғыдан заң шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығару, жазасын жеңілдету сияқты шараларды қолдану мүмкіндігін қарастырады. Заңда белгілі бір талаптар бар. Ол үшін (жазаның) қандай да бір мерзімі өтелуі қажет немесе іс-әрекеттен келген залалды өтеуі керек. Содан кейін оның мінездемесі, бас бостандығынан айыру орны берген мінез-құлқына берген сипаттамасы және тағы басқа осыған ұқсас жағдайлар ескеріледі.

Шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаны ауыстыруды талап ету – бұл сотталған адамның құқы. Сот бұдан бас тартуға немесе талапты қанағаттандыруға құқылы. Сотталған адамның сотқа жүгінуге құқы бар. Алайда сот оны (түзету мекемесінен) шығаруға міндетті емес. Тіпті, (сотталған адамның) жазасын өтеу мерзімі жақындаса да, ол түзу жолға түспесе, сот бұл талапты орындаудан бас тартуы мүмкін, - деді Бас прокурордың орынбасары.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің 28-бабы, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Материал: Halyq Uni-нен алынды