БАЛА ТӘРТІБІ БАҚЫЛАУДА МА?

Уақыты: 20.12.2023
Оқылды: 623
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бала тәрбиесі бірінші орындағы мәселе. Олардың тәртібі барлық тараптан қадағаланып отыруы шарт. Осы орайда Оқушылар сарайында ата-аналар қауымы Талдықорған қалалық полиция басқармасының өкілдерімен кездесті.

Қаншама алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанымен жасөспірімдер жасаған құқықбұзушылықтар саны артып келеді. Жыл басынан бері қала аумағында 7 қылмыс тіркелген, олардың арасында тонау мен ұрлық, есірткі заттарын сақтаудың 1 дерегі анықталған. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты 21 заңсыз әрекет жасалыпты. Интернет-сайттар арқылы есірткі заттарын тарату әрекеті жиілеп кеткен. 30 тамыздан бастап скутерлер мен электр скутерлерінің қозғалысына қатысты талаптар күшіне енді. Көбінесе балалар осы көлік құралын тиісті құқықсыз басқарады, бұл қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін сала мамандары баса айтты.

Жиында қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ернар Ширбаев баяндама жасап, кәмелетке толмағандар жасаған құқықбұзушылық үшін ата-аналары мен заңды өкілдері жауапты екенін, жауапкершіліктің төмендігінен биыл түнгі уақытта көшеде жүрген мың жасөспірім полиция органдарына жеткізілгенін атап өтті.

Шара аясында интернетке тәуелділік, буллинг, салауатты өмір салтын ұстану мәселелері көтерілді. Сала мамандарына ата-аналар тарапынан көптеген сұрақ қойылып, оларға тұшымды жауап та берілді. Соның бірі – кәмелетке толмаған балаларға кейбір сауда орындарында электронды темекінің сатылымына тосқауыл болмай тұрғаны. Ал, өз кезегінде жауапты маман мұндай деректердің бейнеге жазылуы керектігін, егер олар расталса, онда сауда нүктелерінің иелері заңға сәйкес жауапқа тартылатынын түсіндірді.

Еркін диалог форматында өткен кездесуге педагогикалық ұжымдар, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Дания Қыдырбаева, қалалық емхананың маманы Алина Шәріпбаева және қалалық білім бөлімінің әдіскері Әсем Менисова қатысты. Іс-шара «Жетісу жастары» КММ және қалалық құқық қорғау органдарының қолдауымен өтті.

Медет ЖҰМАБАЙ