Салық кодексі тағы өзгерді

Уақыты: 21.12.2023
Оқылды: 576
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

2023 жылғы 13 желтоқсанда ҚР Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң ресми түрде жарияланды. Жаңа заң 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. 

Әзірге жаңа Салық кодексін қабылданған жоқ, тек қолданыстағы салық заңнамасына белгілі бір түзетулер мен өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы өзгерістердің қыр-сырын білу үшін inbusiness.kz тілшісі арнайы маманмен тілдесті. 

Жалпы Салық кодексіне жаңадан өзгерістер енгізу қажеттілігі үкіметтің 2030 жылға дейін 100 млрд теңге жинау ойымен түсіндіріледі. Құзырлы министрлік кірістерді екі тәсілмен көбейтуге болады деп есептейді. Оның біріншісі, бұл көлеңкелі экономикамен күрес (салық базасын ұлғайту). Ол үшін әкімшілендіру мен цифрландыруды жақсарту қажет. Салық сарапшысы Ғалия Нүридің айтуынша, дәл осы бағытта кодекске біраз өзгерістер енгізілді. 

"Негізгі өзгерістердің дені салықтық әкімшілендіруге қатысты болды. Бұрын салық төлеушілер кассалық, тауарлық чектер мен  ауысымдық есептері бар кассалық кітаптарды сақтауға міндетті болатын. Енді егер салық төлеуші фискалдық органдарға бірден ақпарат жіберетін функциясы бар бақылау-кассалық аппаратын қолданса, онда оған ауысымдық есептерді, қолма-қол ақшаны есепке алу кітаптарын және чектерді сақтаудың қажеті жоқ. Осының арқасында салық төлеушіге жүктеме айтарлықтай төмендейді. Ал мұндай құрылғысы жоқ (ондайлар жоқ есебінде — ред.) жоғарыда аталған құжаттарды мүлдем сақтамайды", — деп түсіндірді Ғалия Нүри. 

Әкімшілендіру бөлігіндегі маңызды өзгерістердің тағы бірі - тақырыптық тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін тағы бір себептің (негіздің) енгізілуі. 

"Тақырыптық тексеру жүргізудің тағы бір негізі қосылды — бұл салық органы осы Кодекстің 120-1-бабында көзделген шектеулері (яғни, бұрын салық органы салық төлеушіге электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша шектеулер қойған болса) бар салық төлеушілермен өзара есеп айырысу бойынша салық міндеттемесін айқындау мақсатында тақырыптық тексеруді жүргізіледі", — деді сарапшы. 

Сондай-ақ, Салық кодексі тағы бір тармақпен толықтырылды: егер салық органы салық төлеушілерге электрондық шот-фактураларды жазып беруді шектеу туралы шешім қабылдаған жағдайда, онда орган салық төлеушіні жазбаша түрде және қол қою арқылы хабардар етуге міндеттеледі, яғни бұрын мұндай норма болмаған және тиісінше салық төлеуші хабарламаны порталда тек электрондық тәсілмен алған, салдарынан кейбір салық төлеушілер дер кезінде хабарламаны көрмей қалған жайғдайлар тіркелді. Өйткені аталмыш жүйеде салық төлеуші бұғатталған жағдайда, ол хабарламаға қол жеткізе алмаған деген сөз.

Ең бастысы, жеке тұлғалардың кірістеріне және жеке табыс салығына салық салуға қатысты Салық кодексінің 319-бабына Жеке табыс салығы салынатын табыстарға жатпайтын кірістер бойынша бірқатар өзгерістер енгізілді. 

"Жұмыс берушінің қаражаты есебінен төленетін кәсіптік табыс түрлері, несие міндеттемелерін кешіру сомасы кіріс деп танылмайды. Яғни, егер микроқаржы ұйымы немесе банкте жеке тұлғаның несиесі болса және оған сәйкес берешек кешірілсе, онда бұл қарыз жеке тұлғаның кірісі болып есептелмейді. Ал қарыз алушы несиесін басқа банк арқылы жабатын болса да, алынған қаражат "табыс" деп қарастырылмайды. Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы заңына сәйкес, мақсатты жинақтар: білім беруге арналған депозиттер де табыс болып табылмайды", — деп түсіндірді сарапшы. 

Сондай-ақ, егер адам бұрын қандай да бір жұмыстарды немесе қызметтерді сатып алса және одан әрі осы жұмыс түрлері мен қызметтердің құнын үнемдеу арқылы олардан материалдық пайда көрген жағдайда, аталмыш қаражат салық салынатын табыс санатына жатқызылмайды. 

Жалпыға бірдей декларациялау бөлігінде 250-00 салық есептілігі формасын ұсыну бойынша да өзгерістер енгізілді. 

"Сондай-ақ, жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде декларация беру бойынша міндеттемелері бар әрбір жеке тұлға жыл сайынғы негізде кіріс декларациядан кейін берілетін 270 формасын тапсыру мерзімі өзгертілді. Сонымен декларацияны осы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей және есепті күнтізбелік жылдан кейінгі 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру керек", — деді спикер. 

Республикалық бюджет кірісін арттырудың екінші тәсілі — салық ставкасын өсіру. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру бойынша шешім қабылданды. 

"ҚҚС жанама салық болып табылады және ол бизнес үшін салық жүктемесінің коэффициентіне қатыспайды. Сонымен қатар, осы салық есебінен республикалықә бюджетке ең үлкен түсім түсетінін ескерген жөн. Сондықтан мөлшерлемені 12 пайыздан 16 пайызға дейін арттыру ұсынылады", — деп түсіндірді вице-министр. 

Жалпы Салық кодексі — жиі өзгеріске ұшырайтын құжаттардың бірі. 2009 жылдан бастап Салық кодексі 111 ілеспе заңдармен, яғни жылына шамамен 16 заң, барлығы 2300-ден астам бапқа түзетулер енгізілді.

Материал толықтай inbusiness.kz-тен алынды