ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ ДЕГБІРІҢІЗДІ ҚАШЫРМАСЫН

Уақыты: 17.01.2024
Оқылды: 583
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Декларациялау деген не? Көптің көкейінде жүрген сұрақ бұл. Соңғы аптада осы сөз қараша қауымның арасында жиі айтылып кетті. Алаңдаулы жұртты абдыратып алмас үшін, арыдан қозғап ақпарын берген жөн шығар.

Жалпы, декларациялау деген салық төлеушілердің салық органына электронды түрде өткізетін тұлғаның жеке мағлұматтары. Яғни кірістері мен жылжымалы, жылжымайтын мүліктері туралы деректерін ұсынуы.

Қазақстанда декларациялаудың бірінші кезеңі 2021 жылы басталды. Ол кезде мемлекеттік қызметшілер декларация өткізсе, екінші кезеңінде мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсырды.

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі биылғы Жылдың 1-ші қаңтарынан басталып отыр. Бұл ретте ЖШС,  Акционерлік қоғам, қоғамдық қор иелері, кәсіпкерлер декларация тапсырады. Олар өздеріне тиесілі мүлік туралы ақпарат беруге міндеттеледі. Оған жер телімі, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, банктегі және қолмақол ақша мен көлік, жылжымайтын мүлік кіреді.

Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Асхат Әбілмәжінов әр азамат Қазақстан аумағынан басқа тыс жерде тіркелген, тіркеуге жататын мүліктерді көрсетуі тиіс екенін айтады. Оған шетелдегі үйі, көлігі, яхта, кеме, ұшақ сынды тағыда басқалары кіретінін тізбектеді. Сонымен қатар жеке тұлға біреуге қарыз болса, не оған біреу қарыз болса нотариалды түрде куәландырып декларацияда көрсеткен дұрыс деп санайды. Бұл әркімнің өзі үшін оң шешім болатынын ескертеді.

Тұлғаның шетелдегі құнды қағаздары, жылжымайтын мүліктері, жеке есеп шоттары болса оны ол декларацияда көрсетпеген жағдайда сіздер оны қалай анықтай аласыздар деген сауал әркімнен туындау мүмкін. Асхат Әбілмәжінов бұл сұраққа былай дейді;

 – Мысалы, бір кісі шетелдегі мүлкін көрсетпеді дейік. Ең әуелі камералдық бақылау жүргізіледі. Декларацияда көрсетілмеген заты 3 жылдан асып кетсе, ол түзетуге жатпайды. Жаңағы кісі басқа елдегі дүниесін 5 жылдан кейін сатты делік, содан келіп Қазақстаннан үй, көлік немесе басқа нәрсе алды. Артынша біздің тараптан ол адамға мұны қайдан алдың деген сұрақ туындайды. Оның мүлікті көрсетпей жасырып қалғаны осылай анықталады.

Декларациядағы мәліметтерді қате немесе толық емес тапсырғандарға алғашында ескерту беріледі. Ал мұндай бұзушылық 1 жыл ішінде қайта қайталанса онда тұлғаға 3 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егерде табысын, мүлкін көрсетпей салық төлеуден жалтарса онда тұлғаға төленуге тиісті салықтың 200 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады. Ол 1 жылдың ішінде тағы қайталаса 300 пайыз мөлшеріде айппұлға дейін өтеу қарастырылған. Шетелдердегі банктік четтар декларацияда көрсетілмегені үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Кәсіпкерлер биыл активтер мен міндеттемелер туралы құжатты, келесі жылы кірістер мен мүлік туралы декларацияны өткізеді. Онда олар құнды бұймдар мен бағалы сыйлықтарды да көрсетуі керек.

Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Ләззат Оразбекова тойда жасалған сый-сияпатты да декларацияда көрсету керек дейді. Оны кім берді сол кісінің аты-жөні, ИНН көрсетілуі шарт дегенді алға тартады. Ал, көрсетілмеген жағдайда уақыт өте келе сізге де сан сауал қойылып, айыппұл арқалап кетуіңіз әбден мүмкін екенін түсіндіреді.

Биліктегілердің айтуынша декларациялау салық саясатын жетілдіріп, сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі екен. Бұл жоба арқылы кей мемлекеттер шенділер жымқырған қазына қаржысын қайтарып алып жатыр деген де әңгіме бар.

Кірістер комитетіндегілер 354 жеке тұлғаның шетелде банктік есеп четы барын анықтаған. Дені Ресей, АҚШ, Францияда екен. Сондай-ақ, 26 мемлекетте 494 азаматтың жылжымайтын мүлкі тіркелген. Олардың дені Түркия мен Азербайжанда. Мұның бәрі Қазақстанның мемлекттік қызметшілері мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне тиесілі. Мамандардың айтуынша, құзырлы органдар декларациялардағы көрсетілген мәліметтің дұрыстығын 2026 жылы ғана тексере алады. Себебі, жобаның 4-ші кезеңі келесі жылға жоспарланып отыр.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: 13kz.kz