НОТАРИУС ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 17.01.2024
Оқылды: 598
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Өмірлік маңызды мәселелердің жай-жапсарын заң аясында бекітіп, қажет болған кезде білікті маман кеңесін беріп отыру, сол арқылы азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау міндеті нотариустерге жүктеледі. Жетісу облысы нотариалдық палатасының төрағасы Арман Бекішбаевпен ардағы әңгімеміз нақ осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Арман Сейітжапарұлы, өмір болған соң нотариустердің қызметіне де жүгінетін кездеріміз бар. Соған орай ең алдымен осынау мамандық иелері қызметінің ерекшелігі, өзіңіз басқарып отырған палатаның жұмысы жөнінде айтып өтсеңіз.

Палатаның негізгі міндеті – жеке нотариустердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және нотариалдық әс-әрекеттерді атқарған кезде заңдылықтың қатаң сақталуын қадағалау мәселесіне келіп тіреледі. Жеке нотариустердің міндеті де осы талаптар тұрғысынан туындайды. Демек, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдеде қабылданған «Нотариат туралы» Заңына сәйкес нотариустың міндеті – өздеріне түрлі мәселелер бойынша өтініш айта келген азаматтар мен заңды тұлғалардың мүдделері мен құқықтарын қорғап, келісімшарттар мен құжаттарды куәландыру, нотариалдық қызметке қатысты басқа да мәселелер бойынша түсіндірмелер мен кеңестер беру екенін көреміз.

Осы жерде азаматтар нотариалдық кеңсеге не үшін барады немесе баруы тиіс деген заңды сұрақ та туындамай қоймайды. Бұл орайда жауапкершілік мәселесі алдыңғы орынға шығады. Өйткені аталған мамандық иелеріне өз жұмыстарын атқару барысында белгілі бір мөлшерде материалдық, онымен қоса қылмыстық-процессуальдық сипаттағы үлкен жауапкершілік те жүктеледі. Мұндай жауапкершілікті толықтай сезінген нотариус қана түрлі сипаттағы нотариалдық әс-әрекеттерді атқара алады.

Басқа сөзбен айтатын болсақ, әрбір құжаттың артында нотариустің жеке жауапкершілігі тұрады. Соған орай әрбір азамат өз құқықтарын заңдастырғылары келсе, ең алдымен нотариустерге жүгінулері керектігін атап өткім келеді.

Бір мезгілде түрлі өтінішпен нотариуске келген әр азамат та өз іс-әрекеттерінің қолданыстағы заң талаптарына сәйкестігіне сенімді болулары тиіс. Олай дейтініміз, нотариус өзінің кәсіби қызметін атқару алдында өзіне ұсынылған әрбір құжатты мұқият зерделеп, өтініш иесінің заң талаптары аясында әрекет етіп отырғанына көз жеткізеді. Содан кейін ғана нотариалдық іс-әрекеттер жасауға көшеді. Демек, құқықтану оқулығында айтылғандай «Нотариат куәландырған шарт – мүдделі жақтың өз құқығын дәлелдеуін жеңілдетеді, өйткені шарттың нотариус ресми түрде белгілеп берген мазмұны, мәмілеге қатысушылардың қойған қолдарының ақиқаттығы, мәміле жасаған жері (орны), уақыты, өзге де жағдайлар нақты және бұлтартқысыз түпқұжат болып табылады».

Біздің нотариустың жұмысы жөніндегі түсінігіміз көп ретте белгілі бір құжаттардың көшірмелерін куәландыру жайына ғана келіп тірелетін сияқты...

– Шын мәнінде нотариустердің қызмет аясы бұдан әлдеқайда кең. Олар түрлі келісімшарттар мен жеке тұлғалардың арыздарын, оған қоса құжаттарға қойылған қолдардың түпнұсқалығын, сенімхаттарды куәландырумен айналысады. Бір мезгілде өсиеттер мен мұрагерлік істерді ашып, мұрағаттық құжаттарды береді. «Нотариат туралы» Заңға сәйкес түрлі мәмілелер мен шаруашылық серіктестіктерінің құрылтай құжаттарын куәландырып, мұраға сенімгерлік басқарушыны тағайындайды, мұраға құқық туралы куәліктерді береді.

Тізбені одан ары жалғастыратын болсақ, ерлі-зайыптылардың және өзге де адамдардың ортақ мүліктегі үлеске меншік құқығы туралы куәліктер беріп, мүлікті иеліктен алуға тыйым салады және салынған тыйымды алып тастайды, құжаттардың бір тілден екінші тілге дұрыс аударылғанын куәландырады.

Атқарылатын қызметтің тізбесі мұнымен де шектелмейді. Жинақтап айтқанда олардың қызметін өмірдің қай кезеңінде болсын тиімді пайдаланып, қандай өсиет пен  келісімшарт, мәмілелеріңізді болсын куәландырып, демек заңдастырып қоюға болады.

– Нақ осы жерде «Кімдер нотариус бола алады?» деген мәселені де қозғай кеткен жөн шығар?

– Дұрыс айтасыз, заң саласынан азды-көпті хабары бар кез келген азамат нотариус бола алмайды. Бұл үшін оның жасы 25-ке толуы, заң саласы бойынша жоғары білімі болуы, аталған салада кемінде 2 жыл жұмыс өтілі болуы шарт. Бұған қоса бұл жұмыстан үміткер азамат нотариустен тағылымдамадан, содан кейінгі жерде арнайы аттестаттаудан өтуі тиіс. Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиістігі өз-өзінен белгілі ақиқат.  

Бөліп айта кететін мәселе – бұрынғы кездері сотты болған, жойылмаған соттылығы бар азаматтар, белгiленген тәртіппен іс-әрекет жасауға қабiлетсіз не iс-әрекет жасауға қабілеттілігі шектеулi деп танылған адамдар нотариус бола алмайды.

Нотариуске, оның жұмысына қойылатын басқа талаптар да аз емес. Бұл жерде оның бәрін тізбелеп шығу қажет емес те шығар. Осы айтылғандардың өзі-ақ аталған мамандық иелері жұмысының өзектілігі мен қажеттігін, оларға үлкен жауапкершілік жүктелетіндігін көрсетіп тұрған жоқ па?

Бұл айтқандарыңыздан нотариустың жұмысын, оның қызметін ешкім толыққанды алмастыра алмайды деген тұжырым жасауға болатындай...

Әрине, ешкім толыққанды алмастыра алмайды. Алмастырған күннің өзінде ондай қызметті көрсеткен адам түптің түбінде әлдебір дау-дамай мен келіспеушіліктер туындай қалса, қажетті деңгейде жауапкершілік арқалай алмайды.

Сөз орайы келгенде мына бір жайтты да қозғай кетейін. Бүгінде жылжымайтын мүлікті тіркеу құжаттарын жасап немесе бұл орайдағы құжаттарды дайындаумен айналысып жүрген жекелеген тұлғалар мен органдардың өкілдері бар. Олар көп ретте төмен бағаны желеу етіп қызметтерін жарнамалау арқылы тұрғындарды өздеріне көптеп тартқылары келеді. Бұған не айтуға болады?

Ең алдымен, оңай табыс табу жолына түскен мұндай жекелеген тұлғалардың одан кейінгі уақытта азаматтар мүдделерінің сақталуын толық мәнінде қамтамасыз ете алмайтындығын ескертіп өткім келеді. Жұмысты мейлінше жылдам атқарып, оңай табыс табуға тырысқан ондай азаматтар, жоғарыда айтып өткенімдей, болашақта араларында әлдебір түсініспеушіліктер туындап жатса, жауапкершіліктен жалтаруға дайын тұрады. Ал нотариустер болса, құжаттардың заңдылығын анықтап, азаматтардың мүліктік құқығының қорғалуы мен жеке бас құпияларының сақталуын басты мақсат етеді. Алдағы уақытта заң аясында қалай дұрыс әрекет ету жөнінде жан-жақты кәсіби кеңес беретін де солар.

– Ондай өкінішті жайттар, яғни құжаттардың заңдылығы жайында дау-дамай, күмән туындай қалса «Әттеген-ай, кезінде неліктен нотариуске жүгінбедім?» дегендей бармақ тістеп қалатын кездеріміздің болатынын жасырып қайтеміз.

– Өйтіп бармақ тістеп қалмау үшін, қайталап айтамын, қай кезде де кәсіби маман – нотариустің қызметіне жүгінген жөн. Сонда ғана әр азамат өзінің мүліктік, азаматтық құқығының  толық сақталып, жеке бас құпиясының жарияланып кетпесіне сенімді бола алады, жаңағыдай орны толмас өкініштерге ұрынбайды.

Әрине, бүгінгі күні кәсіби маман емес азаматтардың көмегіне жүгініп, аздаған тиын-тебенді үнемдеп қалуға болатын шығар. Бірақ алдағы уақытта жаңағыдай келіспеушіліктер, түсініспеушіліктер туындап жатса, өкініп қалмау жайын да ойластырған жөн. Бұл орайда «Сараң екі рет шығынданады» деген халық даналығы да ойға оралмай қоймайды. Сол айтқандай, түптің түбінде тағы бір рет шығынданып жүрмейік.

– Әңгімеңізге рахмет!

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі