ӘСКЕРИ ТӘРТІПТІ ӘЛСІРЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ

Уақыты: 25.01.2024
Оқылды: 486
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сарыөзек әскери гарнизонындағы офицерлер үйінде әскери полиция бөлімінің бастығы, подполковник Нұржан Теңізбаевтың қатысуымен әскери қызметшілер арасында қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған шара өтті.

Оған ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы Сарыөзек бөлімшесінің өкілдері, 12740, 29108, 40275, 29219 әскери бөлімдерінің және гарнизонның басқа да бөлімдерінің офицерлері мен жеке құрамы қатысты.

Шара барысында Сарыөзек гарнизонының бастығы подполковник Дәулет Секенов өткен жылы орын алған құқықбұзушылықтарға кеңінен тоқталып, биыл жоспарланған алдын алу шаралары туралы баяндады. Ал Сарыөзек гарнизоны әскери прокуратурасының бастығы әділет полковнигі Жанболат Аекенов құқықбұзушылықтар 2022 жылмен салыстырғанда 30 пайызға азайғанын айтып, биыл «Нүктелі әдістеме», «Өмірді сақта» жобалары жүзеге асатынын хабарлады.

Жиында Нұржан Теңізбаев құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, «Нүктелі әдістеме» бағдарламалары аясында профилактикалық жұмыстарды күшейту керектігін жеткізді. Сонымен қатар, «Өмірді сақта» жобасын қолға алып, әскери бөлім командирлеріне, мекеме басшыларына әскери тәртіпті нығайтуды жүктеді.

Сарыөзек гарнизоны әскери полициясы әкімшілік тәжірибе бөлімінің бастығы Ринат Ықымбай әскери қызметшілерге тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті арттыру туралы жаңа заңнаманы түсіндіріп, жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Облыстық дінтану және оңалту мәселелерін зерттеу орталығының психологы Қанат Маратұлы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен суицидке тыйым жөнінде атап өтті. 

Жиын барысында Сарыөзек гарнизоны жеке құрамының құқықтық білімін жетілдіру мақсатында әскери полиция бөлімі, құқық қорғау және қадағалау органдарының бірлескен жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастыруды жалғастыру жоспарлануда.

"Жетісу-Ақпарат"
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ