Жетісудағы коммуналдық кәсіпорынға 2,3 млрд теңге айыппұл салынды

Уақыты: 25.01.2024
Оқылды: 705
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісуда кәсіпорынға қалдықтарды жинақтау лимиттері мен қоршаған орта эмиссияларының шығарындыларынан асып кеткені үшін 2,3 миллиард теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы өңірлік прокуратураға сілтеме жасап.

Айта кетейік, Жетісу облысының прокурорлары коммуналдық қалдықтарды кәдеге жарату қызметін көрсететін кәсіпорынның міндетті төлемдерді төлеуден жалтару тәсілін анықтады.

Жалпы, кәсіпорын 2020-2023 жылдар аралығында Талдықорған қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына (бұдан әрі ТҚҚ) қызмет көрсеткені анықталды. Кәсіпорынның осы кезеңдегі есебіне сәйкес, осы полигонда 24 мың тонна көлемінде ТҚҚ қабылданған. Осы тұрғыда, кәсіпорынның есептерін талдау және өзара есеп айырысуларын салыстыру барысында 41 контрагент анықталды, олар полигонға 138 мың тоннадан астам ТҚҚ тасымалдаған.

"Бұл Кәсіпорынның ресми есептерінде көрсетілгеннен 114 мың тоннаға артық. Қадағалау актісіне сәйкес, кәсіпорын ӘҚБтК-нің 328-бабының 1, 6-бөлігі бойынша қалдықтарды жинақтау және қоршаған ортаға эмиссиялар шығарындыларының лимиттерін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпорынға 2,3 млрд теңге мөлшерінде айыппұл салынды", - деп түсіндірді прокуратура.

Фото: inbusiness.kz