Қызметшілердің құқығы қорғалады

Уақыты: 23.02.2024
Оқылды: 351
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасының Конституциясының 24-бабының 4-тармағында әркімнің тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша, жұмыс істейтіндерге заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік беріледі делінген.

Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 32-бабының 4-тармағында шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн деп белгіленген.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 108-бабының талабы бойынша жұмыскерге үстеме жұмыс істегені үшін ақы төленеді немесе тынығу сағаттары беріледі. Бұл ретте, үстеме жұмыстарға тартуға жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.

Егер де мемлекеттік қызметші үстеме жұмысқа тартылса онда мемлекеттік қызметшінің келісімі және тиісті мекеме басшысының бұйрығы болуы қажет.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшінің үстеме жұмысы бойынша тиісті құжаттар болмаған жағдайда яғни (бұйрық, мемлекеттік қызметшінің келісімі) Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Заңының 89-бабына сәйкес лауазымды тұлғаға (бөлім немесе мекеме басшысы) бірінші ескерту түрінде хаттама толтырылады. Дәл сондай іс-әрекет бір жылда қайталанатын болса 40 айлық есеп көрсеткіш бойынша айыппұл салынады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2023 жылғы 29 мамырдағы № 121 бұйрығына сәйкес мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторинг жүргізу қағидасына сәйкес,  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторингті тұрақты жүргізеді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша департамент мамандарымен «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде мониторинг жүргізу нәтижесінде мемлекеттік қызметшілермен 12497 сағат үстеме жұмыс істегендері анықталды. Зерделеу барысында 12 мемлекеттік қызметшіге қатысты үстеме жұмыс істеу фактілері дәлелденіп, олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Сондай-ақ, 17 мемлекеттік органға бару арқылы мониторинг жүргізіліп, нәтижесі бойынша  4 мемлекеттік қызметші жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік мекемеде жұмыстарын атқарып отырғандары үшін тиісті ұсыныс хат жолданды. Қарау нәтижесі бойынша 4 мемлекеттік қызметкерге үстеме жұмыс кезеңдері үшін демалыс сағаттары беріліп, бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Ришад Тұрғанбай,
әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі
Фото: astanazan.kz