«ШЫХО-Қорғас» кеден бекетінде декларацияланбаған ақшаны алып өтудің 4 фактісі анықталды

Уақыты: 14.03.2024
Оқылды: 408
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биылғы жылдң 11-13 наурызы аралығында, Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «ШЫХО-Қорғас» кеден бекетінде декларацияланбаған қолма-қол ақшаны Қазақстаннан әкетудің 4 фактісінің жолы кесілді.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, ҚР азаматтары ұлттық валютамен алғанда жалпы сомасы 21,4 млн теңгені құрайтын қолма-қол ақшаны алып кетпек болған.

Барлық фактілер бойынша заң бұзушылар әкімшілік жауапқа тартылды.

Қазақстан Республикасының Кеден кодексінің 343-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес, егер ЕАЭО кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе ЕАЭО кедендік аумағынан бір уақытта әкету кезінде мұндай қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) жол чектерінің жалпы сомасы кеден органына жолаушыларға арналған кедендік декларацияны ұсынған күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша он мың АҚШ долларына баламалы сомадан асып кетсе, қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері кедендік декларациялауға жатады.

«Сондай-ақ, ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес 10 000 мың АҚШ долларынан асатын сомада қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынғанын еске саламыз»,- делінген хабарламада.

Фото: mcps_khorgos/Instagram