ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Уақыты: 08.04.2024
Оқылды: 278
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыста сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру шаралары сәтті жүзеге асырылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Саян Ахметжанов БАҚ өкілдеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы күндерге жетелеген шаралар туралы толыққанды мәлімет берді.


Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін картада құрылыс және тұрғын үй, экология, фискалдық, кәсіпкерлік,  әлеуметтік сала, жол  және инфрақұрылым, проблемалық құрылыс нысандары, апаттық және тозығы жеткен үйлер, агроөнеркәсіптік кешен сияқты 9 негізгі сала анықталыпты. 

– Жемқорлық жойылмай, ешбір ел табысты дами алмайды. Сол себепті жемқорлықпен күрес күшейтіліп, әр сала бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, заң бұзғандар жауапқа тартылуда. Атап айтсақ, мемлекеттік  сатып алу бойынша 363 млн. теңгені тиімсіз жұмсаудың 13 фактісі анықталды. Биыл 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде 1 107 600 теңге айыппұл өндіріліп, барлық сома толық көлемде өтелді. Жол саласы бойынша сертификатталмаған және сапасыз материалдарды қолдану тәуекелдері жойылды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жергілікті атқарушы органның 2,6 млрд. теңгеге өткізілуі тиіс мемлекеттік сатып алудың күшін жойды, – деді Саян Қылышұлы.

Сонымен қатар, спикер Талдықорғандағы коттедж қалашығында 2-ші және 3-ші кезеңдік коттедждің құрылысы, қаланың суару желілерін қайта жаңарту, Алакөл көлінің қоршау бөгетін салу жұмыстарына күнделікті мониторинг жүргізу департамент бақылауында тұрғанын айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ