Жетісу облысында көші-қон заңнамасын бұзған 365 азамат анықталды

Уақыты: 19.04.2024
Оқылды: 256
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Көші-қон заңнамасын бұзудың жолын кесу үшін 8-13 сәуір аралығында «Мигрант және Іздестіру» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Шараға 181 полиция қызметкері жұмылдырылып, 365 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 238 шетел азаматтарына және 127  Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жетісу облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Раймбеков баяндады.

– Жыл басынан бері үш ай ішінде облысқа 6253 шетелдік азамат келген. Оның 1235-і еңбек мигранттары. Көші-қон заңнамасын бұзушыларды сот шешімімен  тысқары шығару туралы қаулысын орындау мақсатында 2 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Олар енді Қазақстанға бес жылға дейін кіре алмайды. Сондай-ақ,  Полиция департаменті бойынша 2020-2023 жылдардың сот шешімдерін орындамаған  Өзбекстан Республикасының 2 және  1 Германия азаматы іздестірілуде, – деп толықтырды полиция полковнигі. 

Алдағы уақытта облыс аумағына шетелден келетін азаматтарға қатысты көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және кінәлілерді, оның ішінде қабылдаушы тарапты жауапқа тарту шараларын дайындау бойынша заңсыз көші-қонның алдын алу және жолын кесу жөніндегі құқықтық, ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешенін іске асыру жалғасастын болады.