ЖАС ПОЛИЦЕЙЛЕР ӨНЕР КӨРСЕТТІ

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1087
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында алғашқы кадет сыныбында білім алушылардың слеті ұйымдастырылды. Алматы іргесіндегі Өтеген батыр кентінде өткен іс-шараға Талдықорған қаласы мен Іле ауданы мектептеріндегі 150-ден астам кадет қатысты.

Жетісу өлкесінде негізі қаланған «Жас полиция» кадет қозғалысы сұранысқа сәйкес даму үстінде. Қазіргі таңда төрт жалпы білім беретін мектепте 5 кадет сыныбы жұмыс істейді. Пилоттық жоба ретінде алғашқы кадет сыныбы былтыр Өтеген батыр кентінің №7 орта мектебінде ашылды. Бұдан кейін осындай сыныптар ауданның басқа үш мектебінде қолға алынып, өз жұмысын бастады. Полициялық бағытты ұстанған алғашқы кадет сыныбын ашуға, кейіннен «Жас полиция» жобасын одан әрі дамытуға облыс басшысы Амандық Баталов қолдау көрсетті.

«Кадеттердің алғашқы слетін өткізу туралы шешім қабылдау кезінде Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектебі таңдап алынды. Өйткені, осы мектепте құқық қорғау бағытын негізге алған алғашқы кадет сыныбы бар. Яғни, еліміздегі «Жас полиция» қозғалысының бастау алған жері. Іс-шарада балалар бір-бірімен кездесті, әртүрлі бағытта өз өнерлерін ортаға салды. Кадет қозғалысын дамыту бойынша ойлары мен ұсыныстарын айтты. Жалпы айтқанда, ортақ мүдде аясында жақынырақ танысты», - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз өкілдері.

Сондай-ақ, облыстық слетке шекара әскері желісі бойынша білім алатын Іле ауданының №38 мектебінің кадеттері қатысты. Іс-шара барысында слетке келген кадеттер қару-жарақты бөлшектеу және оны қайта құрастыру, саптық әндерді орындау, саптық дайындық бойынша өз шеберліктерімен тәнті етіп, соңында көрермендерге ән мен күйден шашу шашты.

Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұхамбет Қасымов Іле ауданының кадеттерін қабылдап, кадет қозғалысына оң пікір білдірген еді және тәлім алушылардың дағдысы мен дайындығына өте жоғары баға берген болатын.

«Жас полиция» жобасы тиісті нәтижесін берді. Білім алушылардың үлгерімі мен қызығушылығы артып, тәртібі жақсарды. Дене бітімінің дұрыс қалыптасуымен қатар, еліміздің шынайы патриоты болуына ықпал ететін сыныпқа қазіргі таңда ата-аналар тарапынан сұраныс артып келеді. Осыған орай, облысымыздың басқа аудандарында да кадет сыныптарын ашу жоспары бар. Ең алдымен, Үшарал және Қапшағай қалаларында ашылуы мүмкін», - дейді департамент өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"