ЖАРКЕНТ КОЛЛЕДЖІ ТАҒЫ ДА СЫНҒА ІЛІКТІ

Уақыты: 21.02.2019
Оқылды: 1951
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ
Осыған дейін әлеуметтік желі арқылы Жаркент көпсалалық колледжінде студентке қол көтерген ұстаздың бейнежазбасы тарап, көпшіліктің талқысына түскен еді. Күні кеше ғана аталмыш оқу орнының екі білімгері жұдырықтасып, соның бірі пышақ жұмсады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында айтылды.
Облыстық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында маңызды мәселелер қаралды. Облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ақан Әбдуәлиев сын-ескертпесін айтып, бірқатар тапсырма жүктеді.
– Биыл қаңтар айының қорытындысы бойынша облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында қылмыс деңгейі өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 39,4 пайызға, оның ішінде, аса ауыр қылмыс саны екі есеге, ауыр қылмыс бес есеге төмендеген, – деді Ақан Жылқышыбайұлы. Алайда, 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы Талғар ауданында 34-тен 37-ге, Қарасай ауданында 28-ден 40-қа, Көксу ауданында 4-тен 7-ге, Кеген ауданында 2-ден 5-ке, Ұйғыр ауданында 8-ден 17-ге дейін өсіп отыр. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Марат Күштібаев баяндама оқып, әлі де қолға алынбай жатқан тұстарды сөз етті.
– 2018 жылдың қорытындысы бойынша жасалған қылмыстар саны 13,8 пайызға төмендеді. Бірақ жеке аудандарда қылмыс санының өсуіне жол берілді. Қасақана ауыр жарақат келтіру мен қарақшылық қылмыстар өсті. Тіркелген қылмыстың 22,2 пайызы мектеп оқушыларына, 30,5 пайызы колледж студенттеріне қатысты. Суық қарумен, атыс қаруымен жасалған қылмыс ерекше алаңдатады. Мысалы, 2018 жылы шілде айында Талдықорған қаласындағы спорт мектебінің оқушысы Қапшағай қаласында суық қару қолданып, ауыр дене жарақатын келтірді. Биыл 13 ақпанда Қарасай ауданында кәмлетке толмаған екі оқушы атыс қаруын қолданып, сауда орындарына қарақшылық шабуыл жасаған. Тергеу жүргізу барысында оқушы себепсіз сабақта болмайтыны, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды, – деді Марат Әлімқұлұлы.
Осы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев облыстық білім басқармасы мен Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысына сұрау салды. 5 дүкенге шабуыл жасаған 9-сынып оқушысы 2017 жылы мектепішілік есепте тұрған. Баланың құжаты 2018 жылы білім бөліміне жіберіледі. Оқушы мен ата-анасын келтіре алмағандықтан, аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жетпейді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымовтың: «Менің келгеніме үш ай болды. Төртінші ай жұмыс істеп жатырмын», – деген жауабына Ақан Жылқышыбайұлы: «Ол кезде мен де болған жоқпын, бірақ осы бала үшін мен де жауап беремін», – деді. Ал облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов: «Бұл материалды бізге ұсынбаған. Қылмыс болғаннан кейін білдік. Ауданның өзі білмесе, аудандық комиссия білмесе, біз құмалақ ашып біліп алмаймыз ғой. Өздері ұсынбайды, өздері қарамайды», – деп жауап берді. Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева да бұл туралы қылмыс орын алғаннан кейін ғана білген.
Жаркент көпсалалық колледжінің студенттері пышақтасып, жәбірленуші дене жарақатын алады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл оқиға туралы ақпар да отырыс үстінде белгілі болды. Яғни, орын алған келеңсіз жайттарды жауапты адамдарға жеткізу ісі кеш жүргізіледі. Колледж білімгерлері жаяулар жүретін тротуарға сыйыспай, шекісіп қалған. Нәтижесінде, суық қару қолданылған. Шулы колледж тағы да сынға ілікті.
Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Роза Мағрупова осыған байланысты кешенді жоспар арқылы жұмыс жүріп жатқанын, ішкі істер органдары өкілдерімен бірлесіп рейд өткізетінін жеткізді. Аталмыш колледждің басшылығына лайықты кадр тағайындау туралы ұсыныс та көтерілді. Әрмен қарай облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Бейбіт Сарқұлов кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстық әрекеттердің алдын алу мақсатында жұмыссыз жастармен өткізілген іс-шаралар туралы баяндама оқыды.
Жиын соңында Ақан Жылқышыбайұлы комиссия құрамын қайта қарау туралы ойын айтты және бірлесіп қызмет етуді қатаң тапсырды.
Мәулен ӘНЕРБАЙ
Фото - автордыкы
"Жетісу"