МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ЕКІ КҮН ТАРТЫСТЫ

Уақыты: 20.06.2019
Оқылды: 1028
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда мемлекеттік қызметкерлер арасында ХІІ жазғы спартакиада өтті. Додаға облысымыздың аудан, қала әкімдіктерінен, басқармалар мен департаменттерден, күштік құрылымдардан 29 команда келді.

Шара барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев және облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мемлекеттік қызметкерлерден құралған командалар шағын футбол, волейбол, баскетбол, бильярд, шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисі бойынша бақ сынасты. Екі күн бойы Жетісуды дүбірге бөлеген жарыс тартысты өтті. 

Алғаш болып аяқдопшылар жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. Бас төрешінің ысқырығы шалына салысымен командалар ойынға кірісті. Алма-кезек ұйымдастырылған шабуылдармен өздерінің жеңіске деген ынтасын байқатып, толассыз соққыларға көшті. Шағын футболдың қыр-сырын әбден жетік меңгерген кіл мықтылар, ұрымтал сәттің мүмкіндігін бос жібермей, теңбіл допты қақпа торына тоғытты. Бұл футзал спортының дамығандығының белгісі. Әдемі ойын өрнегін көрсеткен командалар жиналған жұртшылықты тәнті етті.

Шағын футболдан кейін алаңда әуе доп шеберлері бағын сынады. Өңірімізде бұл спорт түрі қарыштап дамып тұрғанын ескерер болсақ, қызметкерлердің жүйелі ойыны да осыған сай өрбіді. Волейболшылар мен баскетболшылардың әуеде қалықтатып ойнағаны көрермендерді тамсандырды. Жұртшылық бәрекелді деп қошеметтеп, ойынның қарқынына қарқын қосып, спортшыларды жігерлендіріп отырды. Дүйім жұрттың қызу қолдауынан кейін спортшылар барын салып өнер көрсетті.

Үстел теннисі де қызу ойынға толы болды. Әсіресе, финалдық кездесудің тартысты өткенін айта кеткеніміз жөн. Арылы-берілі көз ілеспес жылдамдықта ұшқан шарларды қаққан теннисшілер тәжірибелерінің мол екендігін бір дәлелдеп тастады.  

Бильярд бәсекесіне де қатысушылар үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Айналым бойы бірінен-бірі озған қызметкерлер тастаяқтың шебер үлгісін көрсете білді. Ақыл-ой жарысы да тартысқа толы болды.

Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды облыс әкімдігінің командасы жеңіп алса, 2-орынды Кербұлақ ауданы еншіледі. Ал Көксу ауданының командасы үздік үштіктің қатарынан көрінді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ