"ҚЫЛМЫС АРТТЫ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ОН АЙДЫҢ КӨРСЕТКІШІ МӘЗ ЕМЕС

Уақыты: 03.12.2019
Оқылды: 942
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде жиын өтті. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және оларды құқықбұзушылықтардан қорғау мәселесі талқыланған отырысқа құқық қорғау органдары, прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, білім беру және денсаулық сақтау қызметкерлері және мүдделі органдар қатысты.

- Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыс 4,3 пайызға артты. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жедел алдын алу іс-шаралары 7 мәрте ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Жасөспірім» шарасы 4 рет, ал «Түнгі қаладағы балалар» акциясы 3 мәрте өткізілді, - деп атап өтті полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов.

Кәмелетке толмаған баласының түнгі мезгілде үйден тыс жерлерде жүруіне жол берген 4 мыңға жуық ата-анаға әкімшілік айыппұл салынса, 66 ойын-сауық орталықтарының иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.

Облыстық полиция департаментінің бастығы мектеп оқушыларының қауіпсіздігі туралы айтып, еліміздің өзге өңірлеріндегі тәжірибеге сүйеніп, мектеп қауіпсіздігін білікті жеке күзет ұйымдарына тапсыруды ұсынды. Сонымен қатар, балаларды өрттен қорғау шаралары, бейнебақылау камераларының санын арттыру, интернет желісі арқылы ата-аналарға мектеп ауласындағы және ішіндегі жағдайларды бақылап отыруға мүмкіндік беру мәселесі талқыланды. «Қазіргі уақытта облыстағы мектептерде 15860 бейнебақылау камерасы орнатылған. Дегенмен, олар жалпы жағдайды бақылауға ғана жетеді. Сондықтан, камералардың санын арттырып, бет-әлпетті көре алатын, күдік тудырған адамдардың тұлғасын жылдам анықтайтын заманауи құрылғыларды енгізу қажет», - деп толықтырды ведомство басшысы.

Облыста үш жүзден астам мектептің дәретханасы далада орналасқан. Олар толық жабылғанға дейін түрлі қылмыстардың алдын алу қиынға соғып отыр. Жиында осы бағытта түрлі ұсыныстар талқыланды. Сондай-ақ, облыстың бас полицейі 760 мектептің оқушысына 182 полиция инспекторының қарайтынын айта келіп, олардың санын арттыру мәселесін қарастыруды тілге тиек етті. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясының мүшелеріне бірлесіп жұмыс жасауды және полиция тарапынан қандай да бір кемшілік болса, полиция департаментіне хабарлау қажеттілігі айтылды.

Балалар қауіпсізідігін қамтамасыз етуде полиция тарапынан қажетті барлық шаралардың қабылданып жатқанына сендірген Мұрат Ұрұмханов әрбір қателіктің бала болашағына әсер ететінін ескеріп, барлық тұрғындарды күш жұмылдыруға шақырды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"