ӨСІМДІКТЕРДІ ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 15.01.2020
Оқылды: 2277
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында ауыл және мал шаруашылығы қатар өркендеп келеді. Сондықтан, осы салада жұмыс істейтін заңды тұлғалар мен шаруашылық өнімдерінен нәпақа тауып отырған азаматтар заң өзгерісіне де назар салып отыруы керек.

Осы ретте Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мақсатында 2019 жылдың 28 қазанында №268 VI санымен, ҚР «Өсімдіктерді қорғау туралы»  және «Өсімдіктер карантині туралы» Заңдарына енгізілген өзгерістер туралы хабарлайды.

Бәріңізге мәлім, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің «Карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесін және ерекше қауiптi зиянды организмдер тiзбесiн бекiту туралы» бұйрығына сәйкес, облысымызда кездесетін карантиндік нысандармен ерекше қауiптi зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.

Айта кетерлігі, 2019 жылдың 28 қазанында Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты ерекше қауiптi зиянды организмдер тізімінен тек шегіртке тектес зиянкестерге, соның ішінде азиялық, мароккалық шегірткелер, италияндық прус, үйірсіз саяқ шегірткелер мен карантинді объектілер тізіміне енген қауын шыбыны, оңтүстік америкалық қызанақ көбелегі, жеміс ағаштарының бактериалдық күйігі және мемлекеттік қордағы крантиндік арамшөптерге қарсы химиялық жою жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізілетін болды.

Ал қызметі мемлекеттік фитосанитариялық объектілермен байланысты жеке және заңды тұлғалар аса қауіпті зиянды организмдердің және карантинге жатқызылған нысандардың экономикалық зиян тигізу шегінен жоғары қоныстанған аумақтары анықталған жағдайда өсімдіктерді қорғау және өсімдік карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың берген нұсқауымен өз қаражаттары есебінен қорғау іс-шараларын жүргізуге міндеттелді. Мұндағы аса қауіпті зиянды организмдерге зиянды бақашық қандала, астық қоңыздар, Гессен шыбыны, жүгерідегі мақта көбелегі, Қытай бұршағындағы өрмекші кене, сарышұнақтар (суслики), тышқан тәрізді кеміргіштер, Колорадо картоп қоңызы, дәнді дақылдардың таты мен септориозы жатса, карантиндік нысандарға Калифорниялық қалқаншалы сымыры, Шығыс жеміс жемірі, жусан жапырақты ойраншөп, жатаған у кекіре, сарышырмауық, тағы да басқалары кіреді. Аталған аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік нысандарын жою үшін қолданылған пестицидтерді Үкімет тарапынан субсидиялау да қарастырылған.

Облыста Қытай Халық Республикасының «Шанхай МИО Кемикал Ко., Лтд.» компаниясы 2018 жылдан бері "Император 20% в.к" инсектицидін ел аумағында саудалап келеді. Аталған инсектицидтің биологиялық тиімділігі белгіленген көрсеткіштен өте төмен болғандықтан ҚР АШМ АӨК МИК 2019 жылдың 12 желтоқсанындағы №333-Н бұйрығымен аталған инсектицидтің ҚР аумағында қолдануға тыйым салынғанын хабарлаймыз.

Саят САҚМОЛДИН,

Алматы облыстық аумақтық инспекция басшысы

Сурет ғаламтордан алынды