ДҮНИЕЖҮЗІНДЕ ӘРБІР БЕСІНШІ БАЛА ЖОЛ-КӨЛІК АПАТЫНА ҰШЫРАЙДЫ

Уақыты: 26.04.2020
Оқылды: 728
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жарақаттану балалардың және ересектердің денсаулығы мен өмірі үшін үлкен қауіп төндіріп отыр. Жыл сайын әлемде миллиондаған адам біреудің салғырттығы мен немқұрайлығынан немесе біреудің қылмыстық жауапкершілігінің салдарынан жарақат алып, мүгедек болып, тіпті өмірімен де қоштасып жатады.

Жарақаттанудың ішінде адам денсаулығы мен өмірі үшін ең қауіптісі – жол-көлік жарақаттанулары.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жол-көлік оқиғаларының салдарынан жыл сайын әлемде 1,3 млн.адам көз жұмады, олардың ішінде әрбір бесіншісі – бала, 20 млн.-нан 50 млн.-ға дейін адам жарақат алады.

Жыл сайын елімізде 5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеледі, оларда 5 мыңнан астам адам көз жұмады және 5 мыңнан астамы түрлі ауырлықта мүгедектікке ұшырауы мүмкін.

Жол-көлік жарақатының басты себебі – қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушы немесе көлік жүргізушісі, балаға арналған қауіпсіздік креслоның жоқтығы, сонымен бірге, зейінсіз, жолда жүру тәртібін сақтамаған жаяу жүргінші, жолда ойнаған бала, селқос қарт адамдар себеп болады. Осындай жағдайда жүріп бара жатқан көліктің алдынан кенеттен шығу қайғылы оқиғаға әкеледі.

Жол-көлік апатының нәтижесінде болатын жарақаттанулар ұзақ емделіп, оған еңбекке жарамсыздық қосылады. Зардап шеккендердің бір бөлігі өмір бойына мүгедек болуы мүмкін. Оны емдеуге медицина да қауқарсыздық танытып жатады.

А.ИНДЕРШИЕВ,

Қоғамдық денсаулық сақтау институтының қызметкері

Сурет ғаламтордан алынды