АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ ДЕМАЛЫС РЕЖИМІН САҚТАЙ МА? ҮШ КҮНДІК РЕЙД

Уақыты: 23.10.2020
Оқылды: 963
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында жол апатын азайту, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысын бақылау және қадағалау мақсатында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.

- Іс-шара барысында біздер Көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімшелерімен, мемлекеттік кірістер департаментімен және өзге де мүдделі орган өкілдерімен бірлесіп, желіге шықпас бұрын қалалық автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің тіркеу құжаттарының болуын қарадық. Сонымен қатар, автобустарды басқару және пайдалану нормативтері мен стандарттарының бұзылуы, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау фактілерін анықтау бойынша шаралар қабылданды. Жүргізушілер мен автобустарды жолға шықпай тұрып медициналық және техникалық тексеру шаралары жасалды, жүргізушілердің еңбек пен демалыс режимін сақтауы тексерілді, - деп атап өтті Алматы облысы полиция департаменті ЖПҚБ бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов.

Республикалық іс-шараның алғашқы күні қоғамдық көлік тізгіндеген жүргізушілер тарапынан жол ережесін бұзудың 232 дерегі әшкере болды. Қозғалыс барысында телефонын пайдаланған 52 жүргізушіге хаттама толтырылса, жолда жүру тәртібін сақтамаған 48 қоғамдық көлік иесі айыппұл арқалады. 2 көлік арнайы тұраққа тоғытылса, 2 автобус паркінің лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері қоғамдық көліктерде жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдады. Бұдан басқа, жолаушылар көлігі жүргізушілерінің тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"