ҮШТӨБЕДЕ АЛТЫН САҚИНАЛАРДЫ ҚОЛДЫ ҚЫЛҒАН 31 ЖАСТАҒЫ ҰРЫ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 01.11.2020
Оқылды: 1102
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері зергерлік бұйымдарға қатысты ұрлықты ашты.

Қаратал аудандық полициясының кезекші бөліміне Үштөбе қаласының 31 жастағы тұрғыны үйінен таспен әшекейленген екі алтын сақинасының ұрланғаны туралы арызданған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 2-бөлігі, 3-тармағы бойынша тіркелді.

Жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұрын қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталып, 3 жыл бас бостандығынан айыру орындарында болған, 2014 жылы босап шыққан, 28 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті ұсынылған дәлелдемелерден кейін ұрлық жасағанын толық мойындады.

Оның айтуынша, сол күні ол Ш.Уәлиханов көшесіндегі үйлерді аралап, жұмыс іздеп жүрген. Жеке үйлердің бірінің есігі ашық екенін көріп, үй ішіне кірген ол қонақ бөлмедегі серванттан тастармен безендірілген екі алтын сақинаны көрген. Қожайындардың жоқтығына көз жеткізе салысымен ол зергерлік заттарды қолды қылған. Күдікті зергерлік бұйымдарды Үштөбе қаласындағы танысына сатқан. Тәртіп сақшылары анықтаған сатып алушы ұсталған адамның айғақтарын растап, оны сатушы ретінде таныды және зергерлік бұйымдарды Алматы қаласында бейтаныс адамдарға аса жоғары бағамен қайта сатқанын жеткізді. Күдіктіге қатысты оның шынайы өз ісін мойындағаны мен өкінгені ескеріліп, ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

Жәбірленуші өзінің бейнеүндеуінде полицейлерге алғыс айтып, қылмыстың ашылуы ол үшін күтпеген жағымды жаңалық болғанын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"