ҚАПШАҒАЙДА ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАРЫН ҰРЛАҒАН КҮДІКТІЛЕР КАМЕРАҒА ТҮСІП ҚАЛДЫ

Уақыты: 09.11.2020
Оқылды: 698
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қапшағайда полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен ұрлық дерегін ашты. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Ағымдағы жылдың 30 қазанында Қапшағай полициясының кезекші бөліміне 35 жастағы тұрғын үй аумағынан құны 130 000 теңгені құрайтын құрылыс материалдарының ұрланғаны туралы арызданған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 2-бөлігі бойынша тіркелді.

Аталған қылмысты тергеушілер бір тәулік ішінде ізін суытпай ашты. Бейнебақылау камералары арқылы ұрлық жасағандардың белгілері мен қозғалыс бағытын анықтаған тәртіп сақшылары 38 және 33 жастағы екі жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Ұсталғандардың айтуынша, олар металл шатырды бөлшектеп, темір қабылдайтын орынға өткізген, ал кабель астындағы ток сымын орағышты үйлеріне апарған.

Жәбірленуші полицейлерге сапалы қызметі үшін алғысын білдіріп, жақын арада ұрланған мүлікті қайтаратынына немесе өтемақыны өтейтіндеріне үміт білдірді. Өз іс-әрекетін мойындаған күдіктілерге ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

- Қазіргі заманауи техникалар полиция қызметкерлеріне қылмысты ашуда үлкен септігін тигізуде. Атап айтқанда, бейнебақылау жүйелері. Бұл мысалдан объективке түсіп қалған азаматтардың кабель астынан "катушканы" орап жатқанын көруге болады. Бұл кадрларды көрген полиция қызметкерлері күдіктілерді тез арада анықтады. Кәсіпорын басшылары мен азаматтарға құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмыстарды жылдам ашу мақсатында бейнебақылау камераларын кеңінен қолдануға және орнатуға шақырамын, - деді Қапшағай жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Талғат Базиев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан