КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА ҰСАҚ МАЛ ҰРЛАҒАН ЕКІ АДАМ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 09.11.2020
Оқылды: 1043
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері Кербұлақ ауданынан мал ұрыларын ұстады.

Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың қазан айының бірінші жартысында Сарыөзек және Шилісу ауылдары тұрғындарынан жеке сектор аулаларынан түнгі уақытта қой мен ешкілерінің ұрланғаны жайында үш арыз келіп түскен. Аталған деректер ҚР Қылмыстық кодексінің 181-1 бабы бойынша тіркелгеннен кейін тергеушілер бірқатар жедел-іздестіру іс-шарасын ұйымдастырған.

Нәтижесінде, олар белсенді көмекшілердің көмегімен бұрын ұрлық жасалған орындарында байқалған "Мерседес" көлігін бақылауға алған. Күдік тудырған көліктің иесі машинаны туысқанына біраз уақытқа бергені анықталды. Жүргізуші, аудан орталығының 59 жастағы тұрғынын ұстаған тәртіп сақшылары көліктен тасымалданған қой-ешкілердің ізін тапты. Көп ұзамай екінші күдікті - Қапшағай қаласының 29 жастағы тұрғыны ұсталды.

Ұсталғандардың екеуі де ұсынылған дәлелдемелерден кейін үш тұрғынның 25 бас ұсақ малын ұрлағандарын мойындады. Тергеу барысында ұрланған затты сатып алушы Қарасай ауданы, Шалқар ауылының 34 жастағы тұрғыны анықталды, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 196-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ол ұрылардан сатып алынған 25 бас ұсақ малдың 22-сін қайта сатып үлгерген. Тек үш бас мал ғана алынып, заңды иесіне қайтарылды.

- Автокөлік қылмыс құралы ретінде сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Күдіктілер ҚР Қылмыстық кодекстің 128-бабына сәйкес, уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Тергеу соты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Тәртіп сақшылары ұсталғандардың облыс аумағында осындай ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, - деп түсіндірді Кербұлақ аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әлішер Қаптағаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"