АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖҮК ТИЕЛГЕН "ГАЗЕЛЬ" ӨРТЕНІП КЕТЕ ЖАЗДАДЫ

Уақыты: 10.11.2020
Оқылды: 973
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының патрульдік полицейлері жалынға орана жаздаған көлікті тоқтатып, өрттің алдын алды.

Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, түскі уақытта "Борт 249" патрульдік полициясы взводы командирінің міндетін атқарушы, полиция аға лейтенанты Дархан Танабаев әріптестерінің қызмет өткеруін тексеру кезінде Талғар-Есік-Бәйдібек би автожолымен ілеспе бағытта келе жатқан "Газель" шанағындағы түтінді байқаған.

Полиция қызметкері көлік құралын тоқтатып, қызметтік өрт сөндіргішті пайдаланып, өтіп бара жатқан жүргізушілермен бірлесе санаулы секундта жанып жатқан жалынды дер кезінде ауыздықтады. Жүк көлігінің шанағында Түрген ауылындағы тапсырыс берушіге арналған қағаз, тез тұтанатын қораптардың болғаны белгілі болды. Кейінірек өрттің электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болғаны анықталды. Жүргізуші көлік пен жүктің өртенуіне жол бермей, жедел әрі уақтылы көмек көрсеткені үшін полицияға шын жүректен алғысын білдірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"