БЕСІК ЖЫРЫН АЙТАТЫН АНА БАР МА? ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІ ҰМЫТ ҚАЛДЫРМАЙЫҚ

Уақыты: 02.06.2021
Оқылды: 1871
Бөлім: ТҮПСАНА

Халқымызда «Тәрбие басы – тал бесік» деген нақыл бар. Бұл бала тәрбиесін бесікте жатқан кезінен бастау керек дегенді аңғартады. Өйткені, тәрбие – дұрыс қалауды қажет ететін, қателік жіберсек, түзетуге кеш болатын нәзік, тылсым дүние.

Тәрбие негізі отбасында қаланатыны белгілі. Бала тәліміне әке де, шеше де бірдей жауапты. Десек те қазіргі таңда, әсіресе, жас ата-аналар қай бағытта тәрбие беру керектігіне келгенде жол таба алмай қиналып жатады. Өйткені, бүгінгі тәрбиеде батыстық, шығыстық, бүгінгі заманауи тәрбие қатар келгенде қай жолды таңдарыңды білмей де қаласың.

Осы орайда, ең дұрысы, ата-бабадан келе жатқан ұлттық тәрбие дер едім. Бабаларымыз бала тәрбиесін хатқа жазғандай, жіпке тізгендейін етіп, даналық, үлгілі сөздермен қазына етіп қалдырып кетті емес пе? «Қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыйым» жасау керектігін де өсиет етті.

Халық даналығы бойынша тәрбие басы – бесік жыры. Ананың бесік жырын естіп өскен бала сол арқылы ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіреді. Өйткені, бабаларымыздың өр рухы, батылдығы мен батырлығы, шешендігі мен зеректігі, дарыны мен өнерлілігі ана сүтімен бірге бала құлағына сіңісті болады. Қазақ халқының өлеңге, ақындыққа жақын болып өсуінің де сыры осы бесік жырында жатса керек. Арамызда «әу» демейтін немесе шумақ өлеңді құрай алмайтын қазақ жоқ. Бұл арқылы бүгінгі таңда да сәбиді бесікке бөлеп өсірудің маңызы зор екенін айтқым келеді.

Баланы бесікке бөлеу нәрестенің гигиеналық тазалығына, дене бітімінің жақсы қалыптасып жетілуіне, сәби жастан бойына өнер дәнінің себілуіне ықпал етері сөзсіз. Ана әлдиі саналатын бесік жырын айтып, баланың бойына рухани құндылықтарды дарытып, жақсы өсіп-жетілуіне негіз қаласақ, сәбиге рухани күш дарытқанымыз.

Сондықтан, әрбір сәбиді бесік жырымен тербетіп, бесікке бөлеуді ұмыт қалдырмағанымыз абзал. Қайта бүгінгідей «Рухани жаңғыру» кезеңінде халқымыздың ұлттық дәстүрлерін қайта жандандырып, заманына сай жаңартып, күнделікті өмірімізге енгізуге ұйытқы болсақ, ұлттық тәрбие негізін сақтай білсек, нұр үстіне нұр болмақ.

Бақытгүл МҰСТАФИНА,

М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан